• 29 марта, 2024 10:52 дп

Елімізде партиялардың сайлау алды насихат жұмыстары қалай жүріп жатыр

Автор:admin

Фев 27, 2023

Қазақстанда парламент мәжілісі мен мәслихатының кезектен тыс сайлауына түсетін барлық кандидаттар мен партиялардың насихат жұмыстары жалғасып жатыр. Jsk ақпарат агенттігі партия мүшелерінің бір күндік жұмысын шолып шықты.

«AMANAT» партиясы

«AMANAT» партиясының Республикалық сайлауалды штабы Абай облысына келді. Семей қаласында олар Ядролық медицина және онкология орталығының ұжымымен кездескен. Сайлауалды бағдарламаның өңірлердегі медициналық инфрақұрылымды жақсартуға және тар шеңберлі мамандықтағы медицина қызметкерлерін даярлауға бағытталған бөлімі талқыланғаны айтылады.

Аманаттықтар Семейде қоғамдық көлік саласының қызметкерлерімен экспромт-кездесу өткізген. Олар «Еңбек адамы» партиялық жобасының қатысушысы Қанат Толықпаевпен бірге автобусқа отырып, қаланы аралаған.

Партия төрағасы Ерлан Қошанов автобусқа отырып, қаладағы жол жағдайын көзбен көрді.

Үгіт-насихат науқаны басталғаннан бері 9 күн ішінде партиялықтар 704 000 адам қатысқан, 8100 іс-шара өткізіпті.

«Ауыл» халықтық-демократиялық партиясы

Партия өкілдері елорда іргесіндегі Қосшы қаласына барып, мүмкіндігі шектеулі жандармен кездескен.

Әлеуметтік осал топтағы азаматтардың түйткілдерін біліп, шешу жолдарын талқылаған. Инклюзивті қоғам өкілдерімен өткен жиында мүгедектігі бар адамдарды жеке іс бастауға ынталандыру тәсілдері жөнінде әңгіме өрбігені айтылады.

Айта кеткен жөн, депутаттыққа «Ауыл» партиясынан ұсынылған үміткерлер алдағы аптада Қостанай және Солтүстік Қазақстан облыстарына барады.

«Respublica» партиясы

«Бюрократизм әлі бар». Respublica көшбасшыларына теміржолшылармен кездесуге рұқсат етілмегенін мәлімдеді.

Партия жетекшілері мен кандидаттар ҚТЖ қызметкерлерімен алдын ала келісілген кездесуге келген, бірақ соңғы сәтте компания кездесудің болмайтынын айтқан.

«Бюрократия барлық жерде қанат жайып үлгерген. Бірақ біз турымызды әрі қарай жалғастырамыз. Партиялықтармен кездесуге ниеттенген ҚТЖ қызметкерлері түстен кейін қала халқымен өтетін үлкен кездесуге келе алады.Біз сіздерді күтеміз! Бізді ештеңе тоқтата алмайды», — дейді республикашылар.

Айта кетейік, 19 ақпаннан бастап партия өкілдері Алматы, Талдықорған, Қонаев, Тараз, Шымкент, Түркістан қалалары, Сарыөзек ауылында болған.  8 күн ішінде жастармен, еңбек ұжымдарымен, ақсақалдармен, ғылыми қоғамдастықпен және барлық мүдделі азаматтармен кездесулер өткізген.

Қазақстан Халық партиясы

Республикалық үгіт-насихат штабының мүшелері Көкшетау қаласына барып, күйдірілген кірпіш шығаратын кәсіпорын жұмысшыларымен кездесті. Мекеме осы аймақтағы ірі компаниялардың бірі саналады. Оның негізі осындагн 10 жыл бұрын қаланыпты. Зауытта шығарылған құрылыс материалы еліміздегі тұрғын үй мен әлеуметтік нысандар тұрғызуда кеңінен қолданылады.

Басқосуда кандидаттар партияның тұғырнамасымен таныстырып, қоғамдық маңызға ие сұрақтар төңірегінде пікір алмасқан. Айта кетейік, саяси ұйым өкілдері бүгінге дейін тек Ақмола облысының өзінде 50-ден астам кездесу өткізген.

«Baytaq» Жасылдар партиясы

«Байтақ» жасылдар партиясы Қазақстан Республикасы парламенті мәжілісінің депутаттығына кандидат Айтбай Қайрат Орынбайұлының Түркістан облысы және Шымкент қаласына арнайы іссапары барысында бүгін Шымкент қаласындағы «Қуатжылуорталық-3» МКК жылумен жабдықтаушы ұйым жұмысшыларына үгіт-насихат жұмыстарын жүргізді.

«Қуатжылуорталық-3» МКК қалалық жылу желілерінің 100%-на қызмет көрсетеді.

Кездесу барысындағы жұмысшылардың сұрақтарының нәтижесінде кездесу қызу пікірталасқа ұласып, сайлаушылардың саяси көзқарасы жоғарылағаны байқалды.

«Ақ жол» партиясы

Азат Перуашев бастаған республикалық штаб мүшелері көкпаршылармен кездесті.

«Ақ жол» демпартиясының үгіт-насихат тобы Алматы облысы, Жамбыл ауданы, Ақтерек ауылына барып, көкпар ойынынын тамашалады.

«Ақжол» партиясының төрағасы Азат Тұрлыбекұлы ұлттық спортты дамытуға үлес қосып, жастар арасында көкпардың дамып келе жатқанына тәнті болып, өзінің жылы лебізін білдіріп, әр ауылдық округтен құралған командаларға сәттілік тіледі.

Сондай-ақ, партия төрағасы ұлттық спортқа алдағы уақытта «Ақжол» партиясынан қолдау болатынын айтып, оны одан әрі дамытуға барынша күш-жігерін салуға өз септігін тигізетінін де жеткізді.

Жалпыұлттық социал-демократиялық партиясы

ҚР парламенті мәжілісінің депутаттығына партия тізімі бойынша кандидаттар Тазабек Самбетбай, Ирина Алимжанова, Айдар Алибаев және бір мандатты округ бойынша кандидат Берік Ағыбаев Алматы облысы Еңбекші қазақ ауданы Қайназар ауылында сайлаушылармен кездесті.

Айдар Алибаев санаулылардың пайдаға кенеліп, миллиондаған адамның кедей күн кешуі нағыз жұтау екендігін атап өтті. Осы орайда ЖСДП несиелеу бойынша шекті базалық мөлшерлемені белгілеуге ниеттті екенін жеткізді.

Ирина Советжанқызы ауылдардың бүгінгі жағдайын қозғаған. Ауыл тұрғындары мәселелерінің жылдар бойы шешілмей келе жатқанын атап айтты.

Тазабек Самбетбай өз кезегінде партияның сайлауалды бағдарламасының басым бағыттарына тоқталса, Берік Ағыбаев студенттерге арналған жатақхана мәселесін көтерді.

Еске салайық, 19 наурызда елімізде парламент мәжілісі мен мәслихаттығының кезектен тыс сайлауы өтеді. Айта кетейік, үгіт-насихат кезеңі 18 ақпанда басталған. Науқан 18 наурыз сағат 00:00-ге дейін жалғасады.

Автор: admin