• 19 мая, 2024 2:52 дп

Елімнің қорғаны, тыныштықтың сақшысы – Полиция қызметкері

Автор:admin

Апр 4, 2024

Иә, Қазақстан полициясының құрылып, ел мүддесі, ұлт болашағы, қоғам қауіпсіздігіне қызмет етіп келе жатқанына 32 жыл уақыт өтіпті, – деп бастады әңгімесін Ерлан Бітімбайұлы, – біле – білгенге бұл аз уақыт емес. Қазақстан полициясы еліміздің қоғамдық қауіпсіздігінің, тәртіпті қамтамасыз ету мен сақтаудың, азаматтардың еркіндігі мен конституциялық құқықтарын қорғаудың, қылмысқа қатаң талап қоюмен қатар қабілеттілігі мықты мемлекеттік жүйе болып табылады. Қазақстандық полицияның қалыптасуы, басты игілігіміз – ішкі саяси тұрақтылық пен қоғамдық келісімді сақтап қалуымыз болып табылады. Және ол мемлекетіміздің даму тарихымен тығыз байланысты. Тұлға мен қоғамдық құндылықтардың қауіпсіздігін қамтамасыз ету – Қазақстанда құқықтық мемлекет пен азаматтық қоғам қалыптасуының шарты. Қазақстан Полициясы күні – қазақстандық полицияны қалыптастыруға жан аямай күш салғандар мен оның қатарында қызмет етушілерге деген алғыстың белгісі. Бұл – өз ісіне деген адал қызметімен халықтың қадіріне ие болған полиция ардагерлеріне алғыс. Суға батқан баланы құтқару, қызыл жалынға оранған үйден адамдарды шығару, қарт адамға дереу көмек көрсету. Бұл қазіргі тәртіп сақшыларының күнделікті өмірде жасап жатқан ерліктерінің бір бөлігі ғана. Сөз басында бүгінгі күннің батырларын алда келе жатқан кәсіби мерекелерімен шын жүректен құттықтап өткім келеді. Құрметті әріптестер және Ішкі істер органдарының ардагерлері! Сіздерді шын жүректен кәсіби мерекелеріңіз – Қазақстан Полициясы күнімен құттықтаймын! Біздің жұмысымыз үнемі жоғары кәсіптілікті және жеке қабілеттілікті талап ететін қауіп-қатермен тығыз байланысты. Қызметтік борыштарыңызды атқару кезіндегі адалдықтарыңыз, қайсарлықтарыңыз, батылдықтарыңыз бен батырлықтарыңыз үшін мың алғыс! Баршаларыңызға тәуекелге толы, қоғамымызға ең қажет қызметте, табандылық пен қайсарлықты тілеймін. Ал, отбасыларыңызға олардың сабырлығы мен төзімділігі үшін шынайы ризашылығымды білдіремін. Дендеріңізге саулық, ел игілігіне бағытталған қызметте табыс, жақсылық пен барлық бастамаларыңызға сәттілік тілеймін! Қашанда ел тыныштығын, бейбіт адамдар өмірін қорғау жолында ерлік көрсеткен тәртіп сақшылары аз емес. Ел үшін жанын қиған азаматтар туралы айтуды өзіне парыз санайтын Ерлан Бітімбайұлы олар жайында былай дейді: – Әрине, жас ұрпаққа бейбіт күннің батырларының қаһармандық ерліктерін дәріптеп, олардың есімдерін ел есінде мәңгіге қалдыру – біздің парызымыз. Ондай марқасқа азаматтар біздің қызметте де көп болған, бүгін де жарау аттай елін қорғауға дайын тұрған өрендеріміз жетерлік. Нағыз адал азамат қана ел тыныштығына қауіп төнген сәтте тәуекелге бас тігіп, жанын пида етеді. Мұндай сәтте ердің ері ғана, аранын ашқан ажалға тайсалмай қарсы тұра алады. Бұған әркімнің ерік-жігері жете бермейтіні де рас.

 

Jsk ақпарат орталығы

Автор: admin