Бірлік пен тұрақтылық, әділдік пен ынтымақ, сенім мен жауаптылық — бүгінгі Қазақстан қоғамын біріктіретін басты құндылықтар. Осы құндылықтар түрлі ұлт пен ұлысты бір шаңырақ астына топтастырып, елдің мәдени байлығы мен адамдық қарым-қатынасының негізін құрап отыр. Сол құндылықтардың шынайы көрінісін күнделікті өмірден, ауылдағы қарапайым жандардың тағдырынан, олардың туған жерге деген сүйіспеншілігінен анық байқаймыз. Осындай азаматтардың бірі Ордабасылық Бурук Мендавал Ашханбей — ұлты түрік болғанымен, «Мен қазақ елінің перзентімін» деп жүрегімен айтатын кейіпкеріміз. Ол жақында JSK ақпараттық агенттігіне арнайы сұхбат берді.
Қазақта «Туған жеріңе туыңды тік» деген ұлағатты сөз бар. Әркім үшін кіндік қаны тамған жер қашанда ыстық, қадірлі. Біздің кейіпкер де дәл осы сөздің мағынасын терең түсінетін жан. «Ұлтым түрік болса да, өзімді Қазақстанның төл перзентімін деп білемін. Осы өлкеде дүниеге келдім, мектепте білім алдым. Құрбы-құрдастарым да, көршілерім де қазақ. Қуанышымыз да ортақ, қиындықта да біргеміз», — дейді ол.
Сұхбат барысында ол әкесі Үмбет ағамыздың қазақ халқына деген алғыс сезімін ерекше құрметпен еске алды. «Әкем өмірден өткенше Қажымұқан ауылындағы қазақтардың жасаған жақсылығын айтып отыратын. Біз көпбалалы отбасында өстік. Сол кезде қазақ көршілерінің қолдауы, қамқорлығы, адамдығын көрдік. Әкем де, анам да: «Сендердің бақытты бала болып өсуің — қазақ халқының арқасы» деп айтып отыратын», — дейді ол толқи еске алып.
Оның айтуынша, еліміздің кең пейілі, бауырмашылдығы, әр ұлтқа деген құрметі — Қазақстанды ерекше мемлекетке айналдырған басты қасиет. «Біз қазақ халқымен бір нанды бөліп жеген, бір аулада қатар ойнап өскен ұрпақпыз. Сондықтан бүгінгі мереке болсын, басқа күн болсын — мен әрқашан: «Мереке құтты болсын, жерлестерім!» деп айтамын. Өйткені мен осы елдің баласымын, осы жердің перзентімін», — деді ол JSK ақпараттық агенттігіне берген сұхбатында.
Сөз соңында ол қазіргі жас буынды бірлікке, тілге құрметке, туған жерге адалдыққа шақырды. «Бір-бірімізді ұлтқа бөліп емес, азамат ретінде бағалау — біздің ең үлкен байлығымыз. Қазақтың қонақжайлығы мен жүректілігі бәрімізді біріктіріп отыр. Бұл — сақтай білуге тиіс қасиет», — деп ойын түйіндеді.
Jsk ақпараттық агенттігі
