Шымкент қаласындағы «Достық үйінде» Қазақстан халқы Ассамблеясының 30 жылдығына орай алғаш рет ұйымдастырылған «Достық әуендері» заманауи ұлттық музыкалық конкурсы жеңiмпаздарының қатысуымен салтанатты марапаттау гала-концерті өтті.
Байқауға қатысушылардың өнерін еліміздің мәдениет саласының майталмандары бағалады. Атап айтқанда, ҚР Мәдениет саласының қайраткері, «Еңбек Даңқы» төсбелгісінің иегері Сайлаубек Лесбаев, ҚР Еңбек сіңірген қайраткері Айжан Таженова, ҚР Мәдениет қайраткері Абылайхан Оспанов, Халықаралық Шанхай фестивалінің Бас жүлде иегері Әлден Жақсыбеков, ҚР Мәдениет қайраткері Азиза Исаева төрелік етті.
Ән мен үндестік, өнер мен ұлттар достығы әсем тоғысқан кеште сөз алған Шымкент қаласы ішкі саясат және жастар істері жөніндегі басқармасы «Қоғамдық келісім» КММ-нің басшысы Нұркен Әлімқұлов конкурсқа қатысушылар мен қонақтарға жылы лебізін білдірді:
– «Достық әуендері» – бұл тек байқау емес. Бұл – түрлі этностардың өнері арқылы бірлігімізді бекемдейтін, мәдени мұрамызды жаңғыртатын рухани алаң. Кештің сәні де, мәні де – сіздер сияқты ынталы қатысушылар мен өнерге жанашыр көрерменнің арқасы. Баршаңызға шын жүректен алғыс айтамыз, — дедi мекеме басшысы.
Алғашқы іріктеуден өткен таланттар арасынан үздіктердi анықтаған қазылар алқасының шешімімен жеңімпаздарға дипломдар мен арнайы сыйлықтар табысталды.
Атап айтқанда:
• Бас жүлде – Екатерина Нехорошева
• I орын – Мамуржон Адилметов
• II орын – Олег Вименко және Зардиана Изаттулаева
• III орын – Акрам Ирисметов, Есения Каримова және Шахназар Хабибуллаев.
Ал «Көрермен көзайымы» номинациясына Сұлтан Маняпов лайық деп танылды. 10 үміткер арнайы номинацияларға ие болды. Олардың қатарында: Камилжан Мухамеджанов, Ясмина Ходжаева, Шахрух Тохтамуратов, Далер Ташметов, Гулсаман Абдивали, Согура Абдуразакова, Феруза Садыкова, Шерзод Рустамов, Ширин Нуржанова және Турехан Пакизат бар.
Айта кетейік, гала-концертте еліміздің эстрада жұлдыздары Еркін Нұржанов, Қайрат Түнтеков, Асан Пердешов, Надиршах және Айжан Таженова сынды өнерпаздар үздік туындыларын орындап, залды шынайы эмоцияға бөледі.
Қоғамдық келісім баспасөз қызметі
#ҚХА30жыл #30летАНК #Шымкент #Shymkent
«ДОСТЫҚ ӘУЕНДЕРІ» КОНКУРСЫНЫҢ ЖЕҢІМПАЗДАРЫ АНЫҚТАЛДЫ
