• 23 февраля, 2026 10:09 пп

ДЕПАРТАМЕНТ БАСШЫСЫ СОҒЫС АРДАГЕРІН ҚҰТТЫҚТАП, АЛҒЫС АЙТТЫ

Автор:admin

Ноя 17, 2025

Ғасыр жасап, өмірлік тәжірибесі толысқан қарт-абыздар – жастар темірқазығы. Жаңылғанда жол сілтеп, адасқанда бағдар көрсететін аға буын, сый-құрметке әрқашанда лайық. Осы ұранды бетке алған Түркістан облысы бойынша Экономикалық тергеп-тексеру департаментінің басшысы Ерболат Балғабаев пен бірге аудан әкімі Азат Оралбаев Алғыс айту мерекесі қарсаңында Ордабасы ауданына қарасты Бадам ауыл округінде тұратын ҰОС ардагері Қалмен Мұратов ақсақалдың шаңырағында болып, ерлігіне алғыс білдіріп, сый-құрмет көрсетті.

—  Ұлы Отан соғысының ардагерлеріне алғыс сөздер 9 мамырда ғана емес, басқа да мерекелерде айтылады. Қазіргі уақытта соғыс ардагерлері өте аз. Тарихта ерлікпен із қалдырған батырларға деген алғыс сезімін ешбір сөзбен жеткізу мүмкін емес. Өйткені, ардагерлеріміздің батырлығы мен қайсарлығының арқасында біз бүгін тыныштықта бейбіт өмір сүріп, болашаққа сеніммен қараймыз. Біздің ардагерлеріміз Отанға деген шексіз сүйіспеншіліктің жарқын үлгісі болып табылады, — деп атап өтті Ерболат Балғабаев.

Айта кетейік, соғыс ардагері Қалмен Мұратұлы өмірінің 35 жылын Арыс пен Бадам аралығындағы темір жол бойында өткізген Қалмен атамыз бүгінгі күнде мәуелі бәйтерекке айналған тау тұлға. Өзінен тараған 6 ұл, 2 қызынан бүгінде 32 немере, 80 шөбере сүйіп отыр.

Ордабасы ауданы Бадам ауылында елге үлгі болған, жауынгерлік жолы мен өмірлік өнегесі кейінгі ұрпаққа аманат болған Ұлы Отан соғысының ардагерлері әрқашан ерекше құрметке ие. Сол бір сұрапыл жылдары Отанды қорғап, елді аман алып қалу жолында жан алысып, жан беріскен боздақтардың өнегелі өмірі – бүгінгі жас буын үшін нағыз қайсарлық мектебі. Бүгінде олардың қатары сиреп бара жатқаны белгілі, сондықтан әрбір ардагердің шаңырағына барып, алғысын білдіру – өскелең ұрпаққа тарихты тірідей танытудың маңызды жолы.

Бадам ауылының тұрғындары да өз ауылынан шыққан қанды қырғынды көзімен көрген қарияларды ерекше қадір тұтады. Қалмен Мұратов ақсақал сынды ел ағалары – ауданның мақтанышы. Олардың әрбір естелігі — өткен тарихтың құнды дерегі, әрбір батырлығы — өшпес тағылым. Ардагерлерге жасалған құрмет – елдік рухтың көрінісі, рухани сабақтастықтың жалғанған белгісі. Сондықтан Бадам елді мекенінде ардагерлерді ұлықтау, ерлік жолын насихаттау әрі кейінгі ұрпаққа жеткізу ісі жалғаса береді.

 

Jsk ақпараттық агенттігі

Автор: admin