• 5 марта, 2026 2:35 пп

Денсаулық сақтау мен әлеуметтік әділеттілік – басты назарда

Автор:admin

Мар 5, 2026

Шымкент қалалық онкологиялық орталығында жаңа Конституция жобасының негізгі ережелерін түсіндіруге арналған кездесу өтті. Іс-шараға медицина мекемесінің қызметкерлері мен сала мамандары қатысып, жаңартылған Негізгі заңның азаматтардың өміріне және денсаулық сақтау жүйесінің дамуына ықпалы жан-жақты талқыланды.
Кездесу барысында жаңа Конституцияның әлеуметтік мемлекет қағидаттарын нығайтуға, азаматтардың құқықтары мен бостандықтарын қорғау тетіктерін жетілдіруге, сондай-ақ денсаулық сақтау саласын дамытуға бағытталған негізгі нормалары қарастырылды. Қатысушылардың айтуынша, халыққа қолжетімді әрі сапалы медициналық көмек көрсету мемлекеттің басым міндеттерінің бірі болып қала береді.
Жиында заң үстемдігін нығайту және жауапты басқару қағидаттарын күшейту мәселелеріне ерекше назар аударылды. Мамандар бұл өзгерістер саланың тиімді жұмыс істеуіне оң әсерін тигізетінін атап өтті. Олардың пікірінше, жаңа Конституция денсаулық сақтау жүйесін одан әрі жетілдіруге және қоғамның тұрақты дамуына берік құқықтық негіз болады.
Талқылау барысында медицина саласына қатысты нормалар да кеңінен сөз болды. Атап айтқанда, медициналық қызметкерлердің құқықтарын қорғау, қауіпсіз еңбек жағдайларын қамтамасыз ету және саланың тұрақты дамуына бағытталған мемлекеттік қолдау шараларының маңыздылығы атап өтілді.
– Жаңа Конституция әлеуметтік әділеттілікті қамтамасыз етуге, заң үстемдігін нығайтуға және әрбір азаматтың құқықтарын құрметтеуге бағытталған. Сонымен қатар ол мемлекет пен қоғам арасындағы сенімді арттырып, елдің инновациялық әрі тұрақты дамуына жағдай жасайды, – деді газетінің бас редакторы Бейсенкүл Нарымбетова.
Оның айтуынша, Конституцияның негізгі ережелерін көпшілікке түсіндіру – әр азаматқа өз пікірін білдіріп, әділетті, заманауи әрі қуатты Қазақстанды құруға үлес қосуға мүмкіндік береді.
– Жаңа Конституция қабылданған жағдайда саяси партиялардың жауапкершілігі арта түседі деп ойлаймын. Сондай-ақ Вице-Президент лауазымын енгізу де маңызды жаңалықтардың бірі. Сенат болмаған жағдайда маңызды шешімдерді Вице-Президент қабылдайды. Жалпы, жаңа Конституция мемлекеттілігімізді нығайтып, тұрақтылық пен ұлтаралық келісімді күшейтеді, – деп қорытындылады Бейсенкүл Нарымбетова.

Автор: admin