Ордабасы ауданының мәдени өмірінде айрықша орын алатын, талай дарынның жолын ашқан «Жас толқын» балалар мен жасөспірімдер Үлгілі театры тағы бір ірі белесті бағындырды. Ұжым Астана қаласында өткен Халықаралық көпжанрлы «ALASH STAR» өнер байқауына қатысып, өздерінің актерлік шеберлігімен өзгелерден оқ бойы оза шығып, қазылар алқасының шешімімен ГРАН-ПРИді жеңіп алды. Бұл жеңіс – ауданның мәдениет саласындағы үлкен жетістік қана емес, жас өнерпаздардың таланты мен еңбегінің ақталғанының айқын дәлелі.
«Жас толқын» театрының жетекшісі әрі режиссері Перизат Баймаханова – ұжымның жүрегі мен бағыт берушісі. Ол балалар мен жасөспірімдерді сахна өнерінің қыр-сырына ғана емес, тәртіпке, еңбекқорлыққа, сахна алдындағы жауапкершілікке баулып келе жатқан тәжірибелі маман. Оның шәкірттері облыстық, республикалық және халықаралық деңгейдегі байқауларда тұрақты түрде топ жарып жүр. Бұл жолы да жетекшінің еңбегі ақталып, театр ұжымы Астана төрінде ауданның намысын абыроймен қорғады.
Халықаралық «ALASH STAR» байқауы – жыл сайын өтетін, түрлі елдерден жиналған өнерлі жастарды бір сахнада тоғыстыратын беделді жоба. Биылғы байқауда қатысушылар саны да, шеберлік деңгейі де жоғары болды. Түрлі жанрлар бойынша сынға түскен өнерпаздар арасында бәсекелестік ерекше күшті еді. Соған қарамастан, Ордабасы ауданының «Жас толқын» театры актерлік шеберлік номинациясы бойынша бірінші орыннан көрінумен шектелмей, ең жоғары марапат – ГРАН-ПРИ алып, қазылар алқасының лайықты бағасын алды.
Театрдың жас актерлері сахнада еркіндік пен эмоциялық тереңдікті, образға ену қабілетін, сахналық техниканы кәсіби деңгейде көрсете білді. Олар дайындаған қойылым көрермен қауымды да, қазылар алқасын да бейжай қалдырмады. Әсіресе балалардың сахнадағы сенімділігі, дауыс ырғағы, сахналық пластикасы мен топтық үйлесімі – ұжымның бірлігі мен кәсіби дайындығын айқын көрсетті. Байқау барысында әрбір эпизод ерекше әсерге толы болып, сахналық мәдениеті жоғары деңгейде танытылды.
Бұл жеңіс – ұзақ дайындықтың, қажырлы еңбектің, төзім мен жанкештіліктің жемісі. Репетициялар күн сайын бірнеше сағатқа созылып, балалар үлкен жауапкершілікпен дайындалды. Әр кейіпкердің мінезін аша білу, сахналық атмосфера құру, мимика мен қозғалысты үйлестіру – көрінгеннің қолынан келе бермейтін үлкен өнер. Перизат Баймаханованың кәсіби режиссерлігі, ұстаздық шыдамдылығы, балаларға сенім артуы осы нәтижеге әкелді.
Байқау сапарына ұжымды жігерлендіріп, қолдау көрсеткен Ордабасы аудандық Мәдениет Үйінің директоры Гүлзина Балабиева ханымға жас өнерпаздар мен ата-аналар ерекше алғыс білдіреді. Оның әрдайым қасында болып, балалардың рухын көтеріп, мәдениет саласының дамуына бар күшін салуы – бұл жетістікке жетудегі маңызды факторлардың бірі. Басшылық тарапынан көрсетілген қолдау – жас өнер иелерінің шабытын арттырып, үлкен сахналарға жол ашатыны анық.
Ордабасы топырағынан талай өнер тарландары шыққан. «Жас толқын» театрының бұл жеңісі – сол дәстүрдің жалғасы. Жасөспірімдер арасындағы шығармашылықты дамыту, таланты бар балаларға мүмкіндік беру, сахна мәдениетін үйрету – ұжымның басты мақсаты. Ал бүгінгі Гран-при – олардың дұрыс бағытпен келе жатқанын айқындап берді. Бұл жеңіс болашақта театрдың мүмкіндіктерін одан әрі кеңейтіп, жаңа спектакльдер мен жобалардың дүниеге келуіне жол ашады.
Аудан атын Астана төрінде абыроймен танытқан «Жас толқын» Үлгілі театрының жас өнерпаздарын шын жүректен құттықтаймыз! Жетістіктері көбейіп, шығармашылықтары шыңдала берсін. Ертеңгі күні республикалық үлкен сахналар мен халықаралық фестивальдерде де биіктен көрінетініне сенім мол. Бұл – Ордабасы жастарының өнерге деген құштарлығының, білім мен тәрбиенің, ең бастысы – еңбектің жемісі.
Jsk ақпараттық агенттігі
