• 28 марта, 2024 2:34 пп

ВОЛЕЙБОЛДАН ЖОҒАРҒЫ ЛИГАДА ТҮРКІСТАННЫҢ «ТҰРАН» КОМАНДАСЫ ЕЛ ЧЕМПИОНЫ АТАНДЫ

Автор:admin

Апр 27, 2023

Түркістан қаласындағы «Olympic center» спорт кешенінде волейболдан жоғарғы лигадағы ерлер командалары арасындағы Қазақстан Республикасының ХХХІ чемпионаты аяқталды. Аса тартысты өткен Ел чемпионатына республикамыздан 6 команда қатысып, жеңімпаздар мен жүлдегерлерді анықтады. Түркістан облысының намысын қорғаған «Тұран» командасы ел чемпионы атанды. Түркістандық білікті бапкер Нариман Сүлейменов баптайтын шәкірттер бұл жеңістерін Түркістан облысының 5 жылдығына арнады. Әрбір спортшының жеңістерге жетуі үшін жүйелі жұмыс атқарған «Тұран» спорт ойын түрлері клубының директоры Сабыржан Бұлдырықов бұл жеңіс талай жастарға серпін беретініне сенімді.
Жарыс қорытындысы бойынша Талдықорғанның «Жетісу-Жастар» командасы чемпионаттың күміс жүлдегері атанса, Шымкент қаласының «Шымкент-Динамо» волейболшылары қола алқаны қанағат тұтты. Жеңімпаздарды марапаттап оларға құрмет көрсеткен Түркістан облысы сотының төрағасы, облыстық волейбол федерациясының президенті Тұрысбек Миятбеков пен облыстық дене шынықтыру және спорт басқармасының басшысы Қанат Жолдықараев талантты спортшыларды жеңістеріммен құттықтап, арнайы тағайындалған медаль, кубок, грамоталармен марапаттады.
Ел чемпионатында үздік ойын көрсеткен ойыншыларға да құрмет көрсетілді. Үздіктер қатарында «Тұран» командасының бес бірдей волейболшысы бой көрсетті. «Үздік доп байланыстырушы» деп Бибархан Шарапов танылса, «Үздік диагоналшы» – Денис Кучеров, «Үздік тосқауылдаушы» – Асқар Құлымбетов, «Үздік либеро» – Бердияр Данияров және чемпионаттың «Ең үздік ойыншысы» болып Ақберген Жүнісбек танылды. Сондай-ақ «Жетісу-Жастар» құрамасынан екі ойыншы үздік номинацияға иелік етті.
Түркістан облысы әкімінің баспасөз қызметі

Автор: admin