• 14 декабря, 2025 2:31 пп

БӘЙДІБЕК АУДАНЫНДА ӘЛЕУМЕТТІК САЯСАТ ТИІМДІ ЖҮЗЕГЕ АСУДА

Автор:admin

Ноя 26, 2025

Өңірдің тұрақты дамуы – елдің әлеуметтік-экономикалық жаңғыруының басты көрсеткіші. Сол себепті Қазақстанның әрбір аймағында халықтың әл-ауқатын жақсарту, еңбек нарығын жандандыру, жұмыссыздықпен жүйелі күресу және әлеуметтік осал топтарды қолдауды күшейту бағытында нақты шаралар атқарылып келеді. Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев «Болашақтың іргесін бірге қалаймыз!» атты Жолдауында өңірлік саясаттың жаңа кезеңге аяқ басқанын айтып, жұмыссыздықты төмендету, табысы төмен азаматтарға қолдау көрсету, өзін-өзі жұмыспен қамтыған тұрғындарды нәтижелі жұмысқа тарту туралы нақты тапсырмалар берген болатын. Бұл міндеттердің тиімді орындалуы – ауылдық аумақтардың да дамуына тың серпін беріп отыр.

Бәйдібек ауданында осы бағыттағы жұмыс үнемі назарда. Аудандық жұмыспен қамту және әлеуметтік бағдарламалар бөлімі тұрғындардың тұрмыс сапасын арттыруға, әлеуметтік қолдаудың лайықты жолдарын ұйымдастыруға және еңбекке қабілетті азаматтарды жұмыспен қамтуға басымдық беруде. Жыл басынан бері атаулы әлеуметтік көмектің қолдауына мұқтаж 49 отбасыға, жалпы 322 адамға жәрдемақы тағайындалды. Оның ішінде шартты көмек алғандар – 47 отбасы, ал шартсыз көмек 2 отбасыға көрсетілген. Әсіресе балаларға жасалған көмек айрықша маңызды: 1 мен 7 жас аралығындағы 79 балаға кепілдендірілген әлеуметтік топтама берілді. Тұрмыстық қиындықтарға тап болған азаматтарға да назар аударылуда. Осы уақытқа дейін 65 адам 15 айлық есептік көрсеткіш көлемінде, ал пробация есебінде тұрған 6 азамат 10 айлық есептік көрсеткіш мөлшерінде бір жолғы көмек алған.

 

Өңірдегі ішкі көші-қон мәселелері де реттелген тәртіппен жүргізілуде. Биыл көші-қон рұқсаттарына байланысты 196 өтініш түсіп, оның 176-сы қанағаттандырылған. Қалған 24 өтініш заң талаптарына сай кері қайтарылған. Бұл бағыттағы жүйелі жұмыс ауданға тұрақты қоныстанушылардың да, уақытша көшіп келушілердің де мәселесін реттеуге мүмкіндік берді.

 

Ауданда мүмкіндігі шектеулі азаматтарды қолдау ерекше мәнге ие. Қазіргі таңда 1-топтағы 321 адам, 2-топтағы 1344 адам, 3-топтағы 1508 адам және 18 жасқа дейінгі 386 бала бар, жалпы саны 3559 азамат мүмкіндігі шектеулі ретінде есепте тұр. Оның ішінде 120 бала ерекше күтімге мұқтаж. Сондай-ақ 56 бала үй жағдайында білім алады. Ерекше күтімді қажет ететін азаматтар үшін жеке көмекші қызметі ұйымдастырылған. Бүгінде 139 адам бұл қызметке тұрақты жүгінеді. Ал ымдау тілі маманының көмегіне мұқтаж 43 азаматтың талабы толық орындалып отыр. Денсаулығына байланысты санаторлық-курорттық емдеуді қажет ететін адамдар да назардан тыс қалмайды. Биыл 371 азаматтың өтініші «Әлеуметтік қызметтер порталы» арқылы рәсімделіп, түгелдей емдеу шараларымен қамтамасыз етілді. Сонымен бірге созылмалы бүйрек жетіспеушілігіне шалдыққан 20 азаматқа арнайы бір жолғы жәрдемақы берілді.

 

Өңірдің дамуы балаларға қолдау көрсетумен де тығыз байланысты. Мектепке өздігінен бара алмайтын 56 оқушыға оқу құралдары мен жол шығындары үшін көмек көрсетілген. Ал әлеуметтік қызметтерді қажет ететін 42 азамат №6 арнаулы әлеуметтік қызмет көрсету орталығына жолданған. Бұл шаралар қоғамдағы әрбір баланың сапалы білім алуына, олардың әлеуметтік ортадан шет қалмауына мүмкіндік береді.

 

Ауданның әлеуметтік тыныс-тіршілігінде ардагерлерге көрсетілетін құрметтің орны бөлек. Бәйдібекте бүгінде 97 тыл еңбеккері, 6 ҰОС қатысушысының жесірі, 20 ауған соғысы ардагері, 14 Чернобыль апатына қатысушы, 12 тәжік-ауған шекара оқиғасына қатысушы, 2 Таулы-Қарабах ардагері, 96 жалғызілікті қария және 100 жастан асқан 4 ақсақал бар. Бұдан бөлек, 2229 көпбалалы ана тіркелген. Олардың барлығы аудан тарапынан қолдаусыз қалған емес. Ауған және тәжік-ауған ардагерлеріне 30 АЕК көлемінде көмек көрсетілсе, 8 наурыз мерекесінде көпбалалы аналар 2 АЕК мөлшерінде жәрдем алды. 80 жастан асқан 15 қарияға 1 АЕК, 97 тыл еңбеккеріне 15 АЕК, ҰОС жесірлеріне 20 АЕК мөлшерінде бір жолғы материалдық көмек берілді. Сонымен қатар жыл басынан бері «Ардагерлер» үйіне 48, «Мейір» ардагерлер үйіне 45 адамға жолдама рәсімделіп, барлығы 93 зейнеткер демалыс және ем алу мүмкіндігіне ие болды.

 

Отбасын қолдау орталығы да аудан тұрғындарына көмек көрсетуде өз үлесін қосып келеді. Жыл ішінде 100 азамат орталықтан түрлі кеңес алған. Оның 59-ы әйелдер, 41-і ер адамдар. Көмек түрлері де әртүрлі: 40 адам әлеуметтік көмекке ие болса, 22 адамға құқықтық бағыт-бағдар берілген, ал 38 адам психологиялық қолдау алған. Бұл орталықтың жұмысы аудан тұрғындарының тұрмыстық қиындықтарды еңсеруіне, отбасылық мәселелерді шешуіне және әлеуметтік бейімделуіне елеулі ықпал етуде.

 

Аудан дамуының маңызды тіректерінің бірі – «Жол картасы» бағдарламасы. Бұл бағдарлама аясында жаңа жұмыс орындарын ашу, жұмыссыз жүрген азаматтарды еңбекке тарту, жастар практикасын жандандыру және қайта даярлау курстарын ұйымдастыру шаралары қарқынды жүргізіліп келеді. «Жол картасы» өңір халқының тұрақты табыс табуына, еңбек нарығында белсенді болуына жағдай жасап, аудан экономикасының дамуына серпін беріп отыр.

 

Жалпы алғанда, Бәйдібек ауданында жүзеге асырылып жатқан әлеуметтік қолдау шаралары мемлекеттік саясаттың өңірлердегі тиімді жүзеге асырылып жатқанын көрсетеді. Әлеуметтік осал топтарды қорғау, мүмкіндігі шектеулі азаматтарға жағдай жасау, ардагерлерге құрмет көрсету, балалардың білім алуына қолдау білдіру – өңірдің дамуының басты көрсеткіштері. Бұл жұмыстардың барлығы халықтың тұрмыс сапасын жақсартуға, ауданның әлеуметтік тұрақтылығын қамтамасыз етуге, ең бастысы – әрбір азаматтың өз болашағына сеніммен қарауына ықпал етеді.

Jsk ақпараттық агенттігі

Автор: admin