Қазіргі қоғамда жасөспірімдердің тәрбиелік тұрғыдан дұрыс жетілуі мен олардың қауіпсіз ортада өсуі – ата-ана, мектеп және құқық қорғау органдарының ортақ міндеті. Балалардың жауапкершілігі жоғары, болашақта заңға бағынатын саналы тұлға болып қалыптасуы үшін тәрбие беру жұмыстары тек отбасында ғана емес, білім беру ұйымдары мен полицияның өзара тығыз ынтымақтастығын қажет етеді. Осы бағытта Кентау қаласында жасөспірімдер арасындағы құқықбұзушылықтың алдын алу және мектеп оқушыларының қауіпсіздігін қамтамасыз ету бойынша бірқатар жүйелі шаралар жүзеге асырылып келеді. Соның аясында қалалық полиция бөлімінің мектеп инспекторлары жергілікті оқу орындарында тұрақты түрде түсіндірме жұмыстарын жүргізіп, ұстаздармен бірге оқушыларды құқықтық сауаттылыққа баулуға атсалысуда.
Осындай жоспарлы шаралардың бірі Б. Момышұлы атындағы №12 жалпы білім беретін мектепте «Қауіпсіз балалық шақ» жобасы аясында ұйымдастырылды. Бірлескен жиынға мектеп инспекторы М. Аяшев, мектеп психологы Б. Бекжанова және тәрбие ісі жөніндегі орынбасарлары М. Дауренов пен С. Халметова қатысты. Басқосу барысында оқушылар өз құқықтары мен міндеттерін білу, күнделікті өмірде жиі кездесетін қауіптерден қорғану жолдары, интернет кеңістігінде сақтықпен әрекет ету секілді маңызды бағыттар бойынша жан-жақты ақпараттар алды. Мамандардың айтуынша, құқықтық білім мен қауіпсіз мінез-құлық дағдыларын ерте жастан қалыптастыру – балалардың болашағын қорғаудың ең тиімді жолы.
Мектеп инспекторы М. Аяшев жасөспірімдердің әкімшілік және қылмыстық жауапкершілігі туралы толығырақ түсіндіріп, құқықтық нормаларды сақтамаудың салдарларына тоқталды. Ол жастарға нақты мысалдар келтіре отырып, әр азаматтың заңды құрметтеуі – қоғам қауіпсіздігінің басты кепілі екенін атап өтті. Сонымен қатар М. Аяшев кез келген құқықбұзушылықтың алдын алу үшін өзара құрмет, тәртіп пен жауапкершіліктің маңызы зор екенін айтып, оқушыларды қауіпсіздік ережелерін сақтауға және қажет жағдайда полиция қызметкерлеріне жүгінуден қорықпауға шақырды.
Жасөспірімдердің құқықтық сауаттылығы мен адамгершілік қасиеттерін қалыптастыру мақсатында мектеп психологы Б. Бекжанова «Адамгершілігім – ар ұятым» тақырыбында тренинг өткізіп, оқушыларға эмоцияны басқару, күйзеліс жағдайында дұрыс шешім қабылдау, өзара сыйластықты сақтау туралы кеңес берді. Психолог оқушылармен түрлі жағдайларды талқылап, жанжал туындаған кезде өз әрекетіне жауапкершілікпен қарау, дау-дамайларды агрессиясыз шешу және айналадағы адамдардың құқығын құрметтеу сияқты маңызды дағдыларды дамытуға басымдық берді.
Оқушылардың құқықтық мәдениетін қалыптастыру мен қауіпсіз мінез-құлық дағдыларын дамыту мақсатында, тәрбие ісі жөніндегі орынбасары М. Дауренов «Заң және тәртіп» тақырыбында баяндама жасап, жастарды қауіпсіз өмір салтын ұстануға, жауапкершілікке және өз құқықтарын қорғауға үндеді.
Іс-шара соңында оқушылар көкейлеріндегі сұрақтарын қойып, мамандармен еркін пікір алмасты. Жиын оқушылардың құқықтық сауаттылығын арттырып, олардың қоғамдық ортада да, интернетте де өзін қауіпсіз ұстау дағдыларын қалыптастыруға ықпал жасады.
Jsk ақпараттық агенттігі
