Ұлттық спорттың дамуын қолдау және ауыл жастарының спорттық шеберлігін арттыруға бағытталған VIII республикалық «Ақ бидай» ауыл спорты ойындары 11–21 қыркүйек аралығында Алматы облысында өтті. Әр төрт жыл сайын ауыл тұрғындарының спорттық әлеуетін көтеру, бұқаралық спортты дамыту мақсатында ұйымдастырылатын бұл кешенді додада спорттың 20 түрі бойынша үздіктер анықталды.
Түркістан облысынан жарысқа 250-ге жуық спортшы мен делегация мүшелері қатысты. Жарыс нәтижесінде Түркістан облысы 498 ұпай жинап, жалпыкомандалық І орынды иеленді. ІІ орынға 428 ұпаймен Алматы облысы жайғасса, ІІІ орынды 385 ұпай еншілеген Батыс Қазақстан облысы түйіндеді.
Айта кетейік, Түркістан облысы құрылғалы бері қатарынан екі мәрте республикалық «Ақ бидай» ауыл спорты ойындарының жеңімпазы атанып отыр.
Әр жарыс алаңында түркістандық спортшылар өзінің дайындығы мен жоғары деңгейдегі шеберлігін көрсетіп, жанкүйерлердің ыстық қолдауына ие болды. Командалық рух пен жүйелі жаттығудың нәтижесі өңір құрамасының барлық бағытта тұрақты түрде жоғары нәтиже көрсетуіне мүмкіндік берді. Әсіресе ұлттық спорт түрлеріндегі жетістіктер жалпыкомандалық жеңіске үлкен үлес қосты.
«Ақ бидай» ойындары ауылдық спортты дамытуға, жастарды салауатты өмір салтына ынталандыруға және өңірлер арасындағы ынтымақтастықты нығайтуға айрықша серпін берді. Осындай ауқымды додалар арқылы ұлттық спорттың мәртебесі артып, ауыл спортшыларының мүмкіндігі кеңейе түспек.
Jsk ақпараттық агенттігі
