Түркістан қаласы әкімдігінің ұйымдастыруымен өнер, мәдениет саласындағы қызметті насихаттау мақсатында Жібек жолы саябағында «Жазғы әуен – жүрек үні» атты концерттік бағдарлама мен қатар, «Жазғы демалыс – спортпен!» ұранымен ашық алаң ойындары өтті.
Жаз мезгілінде дәстүрлі түрде өтетін бұл спорттық шара – қала тұрғындары мен жасөспірімдердің бос уақытын тиімді өткізуіне, салауатты өмір салтын ұстануға және спортқа деген қызығушылығын арттыруға бағытталған.
Ашық аспан астында өтетін бұл ойындар әр аптаның сейсенбі және бейсенбі күндері қала секторларына бөлінген ашық алаңдарда өткізіледі. Жарыс бағдарламасына асық ату, ләңгі тебу, сүрмерген, секіргішпен секіру, белтемірге тартылу, футбол, стритбол сынды ұлттық және бұқаралық спорт түрлері енген.
7–16 жас аралығындағы бүлдіршіндер мен жасөспірімдер арасында өтетін бұл жарыстар тек дене шынықтырумен шектелмей, достық байланыстарды нығайту мен әділ бәсекеге де жол ашады. Шеберлік танытып, жеңіске жеткен қатысушылар диплом және медальмен марапатталады.
Ашық алаң ойындары жастардың әлеуметтік белсенділігін арттыруға да бағытталған. Ойындар кезінде қатысушылар командалық рухты сезініп, бір-біріне қолдау көрсетуді, көшбасшылық қасиеттерін дамыту мүмкіндігіне ие болады. Бұл шаралар арқылы жасөспірімдер спортпен шектелмей, көшедегі қауіпсіздік ережелерін сақтау және командалық жұмыстың маңызын үйренеді.
Сонымен қатар, концерттік бағдарлама мен спорттық ойындардың біріккен форматы қала тұрғындары үшін жан-жақты мәдени және спорттық мерекеге айналды. Жазғы әуеннің әсемдігі мен ұлттық спорт түрлерінің үйлесімі көрермендердің көңілін көтеріп, отбасылық демалыс үшін ыңғайлы жағдай жасайды.
Шара ұйымдастырушыларының айтуынша, осындай іс-шараларды тұрақты өткізу арқылы Түркістан қаласы жас буынның салауатты өмір салтын қалыптастыруға, ұлттық спорт пен мәдени мұраны насихаттауға үлес қосуда. Болашақта бұл жобалар ауқымын кеңейтіп, жаңа аудандық және қалалық ашық алаңдарда өткізілетін болады.
Jsk ақпараттық агенттігі
