• 14 декабря, 2025 2:37 пп

АУЫЛДА БҰРЫН БОЛМАҒАН МҮМКІНДІК

Автор:admin

Ноя 22, 2025

«Еліміздің қоғамдық-саяси өмірін жаңғыртпай, табысты экономикалық реформаларды іске асыру мүмкін емес. Бұл – біздің ұстанатын басты қағидатымыз.

«Күшті Президент – ықпалды Парламент – есеп беретін Үкімет».

Біз бұл мақсатқа әлі де жете қойған жоқпыз. Сондықтан осы бағыттағы жұмысқа бар күш-жігерімізді салуымыз қажет.

Саяси жүйенің бұл формуласы мемлекет тұрақтылығының негізі саналады.

Азаматтардың барлық сындарлы өтініш-тілектерін жедел әрі тиімді қарастыратын «Халық үніне құлақ асатын мемлекет» тұжырымдамасын іске асыру – бәрімізге ортақ міндет.

Билік пен қоғам арасында тұрақты диалог орнату арқылы ғана қазіргі геосаяси ахуалға бейімделген үйлесімді мемлекет қалыптастыруға болады.

Сондықтан азаматтық қоғамға қолдау көрсетіп, оның әлеуетін нығайта түсу керек. Сондай-ақ, аса маңызды жалпы мемлекеттік міндеттерді шешу үшін талқылау жұмыстарына азаматтық қоғамның мүмкіндіктерін кеңінен қолдану қажет.

Осы мақсатпен біз белгілі қоғам өкілдерін қамтитын Ұлттық қоғамдық сенім кеңесін құрдық. Бұл кеңес ротациялық тәртіппен жұмыс істейді», – деген еді Мемлекет басшысы.

Президенттің осы сөздері соңғы жылдары өңірлерде жүріп жатқан әлеуметтік өзгерістердің мәнін айқындап береді. Ел ішінде қолға алынған әрбір бастама  қоғам мен билік арасындағы байланысты нығайтуға бағытталған жүйелі жұмыстың нәтижесі. Соның ішінде ауылдық аймақтарда ашылып жатқан жаңа әлеуметтік орталықтар  мемлекеттік саясаттың тұрғындар өміріндегі  нақты әсерін көрсететін белгі.

Созақ жерінде соңғы жылдары жаңа леп, жаңа көзқарас байқала бастады. Елдің әр түкпірінде жүзеге асқан әлеуметтік бастамалардың ауылға да жетуі тұрғындардың көңіліне ерекше қуаныш сыйлап отыр. Соның ішінде жақында есігін айқара ашқан «Белсенді ұзақ өмір және тең қоғам» орталығы  өңірдің әлеуметтік өміріне тың серпін берген маңызды нысан. Бұл – тек ғимарат емес, ауыл адамдарының өмір салтын жаңа арнаға бұрған жобалардың бірі.

Орталықтың ашылу рәсімі ауыл үшін ерекше оқиға болды. Таңертеңгілік уақыттан бастап ауылдың қарттары, аналар, жастар барлығы жаңа нысанды тамашалауға жиналды. Ең алдымен сөз алған аудан әкімі Мұхит Тұрысбеков орталықтың мәнін кеңінен түсіндіріп, тұрғындарға құттықтауын жеткізді. Аудан басшысы қарттарға жасалған қамқорлықтың қоғамның адамгершілік деңгейін айқын көрсететінін, ал ерекше жандарға жағдай жасау бүгінгі күннің басты талабы екенін атап өтті. Ол өз сөзінде ауылда өмір сүретін әрбір азаматтың қолжетімді, сапалы әлеуметтік қызметке ие болуға құқығы бар екенін тілге тиек етті.

Орталықтың ашылуына облыстық деңгейдегі басшылардың да қатысуы жобаның маңызын айқын көрсетті. Түркістан облыстық жұмыспен қамтуды үйлестіру және әлеуметтік бағдарламалар басқармасының басшысы Мекенхан Қозыханұлы мен облыстық мәслихат депутаты Бегімбет Байғараев тұрғындармен бірге нысанды аралап, ұсынылатын қызметтермен танысты. Олардың пікірінше, мұндай орталықтар ауыл өмірін қалалық деңгейден кем қылмай, әлеуметтік инфрақұрылымды жақсартуға айтарлықтай үлес қосады.

Ауылдың беделді ақсақалдары да бұл бастаманы ерекше ықыласпен қабылдады. Ардагерлер кеңесінің төрағасы Қабылбек Еспенбетов жаңа орталықты «қарттардың рухани демалыс орны» деп атап, бұрын емдік-сауықтыру қызметтері үшін аудан орталығына баруға тура келген күндерді еске алды. Ал Созақ ауылының азаматы Мұрат Жақсыбаев: «Бұл – біздің көптен күткен орнымыз. Қартайса да, адам өмірден қол үзбеуі керек. Мына орталық бізді қоғамға қайта жақындатады», – деп жүрекжарды пікірін білдірді.

Ең көңіл қуантқан жаңалықтың бірі  орталықтың ауылдағы жұмыс орындарының көбеюіне ықпал етуі. Бұл жерде 13 адам тұрақты түрде қызметке орналасқан. Олар – әлеуметтік қызметкерлер, инструкторлар, массажистер, психологтар, әкімшілік мамандар. Бұл – ауылдағы еңбек нарығын жандандырып, тұрғындардың тұрақты табысқа қол жеткізуіне мүмкіндік берген маңызды қадам.

Орталықтың қызметін пайдалану мүмкіндігі кең. Негізгі аудитория зейнет жасындағы азаматтар және 18 жастан асқан ерекше қажеттіліктері бар тұлғалар. Бірақ жақын ауылдардан келетін тұрғындарға да есік ашық. Бір мезетте 30 адамға дейін қызмет көрсетілуі  орталықтың жұмыс ауқымын көрсетеді. Қызметтердің барлығы тегіс арнайы дайындалған мамандардың көмегімен көрсетіледі.

Орталықтың ішкі құрылымы да ерекше әсер қалдырады. Кең әрі жарық бөлмелер адамның өзін еркін сезінуіне ықпал етеді. Емдік тұз шахтасы  тыныс алу жүйесін жақсартуға бағытталған қызметтердің бірі. Ауыл тұрғындары бұған дейін мұндай қызметті тек қаладан іздеуге мәжбүр болатын. Енді ем қабылдау үшін ұзақ жол жүріп, уақыт шығындаудың қажеті жоқ.

Психологиялық терапия бөлмесі  ерекше назар аударатын орындардың бірі. Қазіргі қоғамда психологиялық қолдаудың маңызы артып келеді. Бұл бөлмеде мамандар адамдардың эмоционалды тепе-теңдігін қалыптастыруға, күйзеліс деңгейін төмендетуге көмектеседі. Қарт адамдардың жалғыздық сезімінен арылып, қоғаммен байланысын нығайтуына бұл қызмет айтарлықтай әсер етеді.

Дене шынықтыру залы мен гимнастика бөлмесі де орталықтың негізгі бағыттарының бірі. Мұнда қариялар жеңіл әрі арнайы жаттығулары бар бағдарламаларға қатысады. Ал массаж кабинеті – дене мүшелерінің қозғалысын жақсартып, қан айналымын реттеуге арналған. Орталыққа келгендердің айтуынша, бұл қызмет ауылда бұрын болмаған, тұрғындар үшін таптырмас мүмкіндікке айналып отыр.

Оқу бұрышындағы кітаптар, тынығуға арналған жайлы орындықтар, шығармашылықпен айналысуға арналған бұйымдар  орталықтың мәдени қызметін толықтырып тұрған игілік. Кешкі уақытта қариялар мен тұрғындар шахмат, бильярд ойнап, бір-бірімен еркін әңгімелесіп, бос уақытын мәнді өткізе алады. Мұндай орта адамды сергітіп қана қоймай, өмірге деген оң көзқарасын қалыптастырады.

Жаңа орталықтың ашылуы  Созақ ауылы үшін үлкен әлеуметтік өзгеріс. Тұрғындар енді тек тұрмыстық мәселелерін шешіп қана қоймай, уақытын сапалы өткізуге, денсаулығын нығайтуға мүмкіндік алып отыр. Бұл ауылдың әлеуметтік картасын өзгертетін, тұрғындарға жаңа мүмкіндіктер сыйлайтын ірі жобалардың бірі.

Ең маңыздысы  бұл бастама ел Президентінің әлеуметтік бағыттағы саясатының ауыл деңгейінде іске асқан анық көрінісі. Қоғамдағы әр адамға тең мүмкіндік беру, қарттарға қамқорлық жасау, ерекше жандарға қолдау көрсету әділетті қоғамның басты өлшемдері. Сол өлшемдер Созақтағы жаңа орталықта нақты іске айналып тұр.

 

Jsk ақпараттық агенттігі.

Автор: admin