• 13 января, 2026 6:22 пп

АТТЫҢ ДА, АДАМ ДА АМАН  БОЛСЫН

Автор:admin

Дек 3, 2025

Бәйдібек ауданында көкпар ойыны кезінде қоғамдық тәртіп пен қауіпсіздікті қамтамасыз ету мәселелері бойынша маңызды жиын өтті. Ұлттық спортты дамытуға бағытталған бастамаларды үйлестірумен қатар, ойын өткізу кезіндегі қауіпсіздік талаптарын пысықтауды көздеген басқосу қазіргі уақытта мемлекет деңгейінде көтеріліп отырған қауіпсіз қоғам қалыптастыру міндеттерімен тікелей үндеседі. Себебі Мемлекет басшысы өз Жолдауларында үнемі «қауіпсіздік – қоғам дамуының өзегі» екенін атап өтіп, бұқаралық спорттық іс-шараларды өткізу мәдениетін арттыру, тәртіп сақтау, азаматтардың денсаулығы мен өміріне қатер төндірмеу мәселесіне айрықша тоқталады. Осындай мемлекеттік басымдықтардың аясында Бәйдібекте өткен кеңес  ұлттық спортты өркендетумен қатар, оның қауіпсіз ұйымдастырылуын қамтамасыз етудің нақты көрінісі.

 

Жиынға аудан әкімінің орынбасары Нұрпеис Ақбаев, аудандық мәслихат төрағасы Имангелді Түймебаев, ауылдық округ әкімдері, тиісті бөлім басшылары, сондай-ақ Бәйдібек аудандық көкпар федерациясының мамандары мен көкпаршылар қатысты. Бұл жиынды ауданның тек спорттық іс-шара ретінде емес, стратегиялық маңызы бар қоғамдық процесс ретінде қарастырып отырғанын көрсетеді. Ауыл өмірінде көкпар  тек ойын емес, тұтас бір қауымның рухани тірегі, тарихи мұрасы, намысы, бірлігі, мәдени болмысы. Бірақ дәл осы рухани байлықты сақтай отыра, адам өміріне қауіп төндірмей, ережеге сай өткізу — бүгінгі күннің ең өзекті талабы.

 

Жиында көтерілген негізгі мәселе алдағы өтетін көкпар ойындары кезінде қоғамдық тәртіпті қатаң сақтап, барлық ұйымдар мен мекемелердің нақты іс-қимылын үйлестіру. Ұлттық спорттың беделін көтеру үшін оның қауіпсіз өткізілуі аса маңызды. Қазіргі таңда еліміздің әр өңірінде түрлі спорттық жарыстарда, оның ішінде ат спорты жарыстарында да, кейде қауіпсіздік талаптарының сақталмауы салдарынан әртүрлі жарақаттар, төтенше жағдайлар тіркелетіні жасырын емес. Бұл жағдайлар қоғамда ғана емес, билік тарапында да алаңдаушылық туғызуда. Сондықтан Бәйдібек ауданындағы осындай алдын ала өткізілетін жиындар — төтенше жағдайлардың алдын алу, тәртіп орнату, жауапты органдардың бірлескен әрекетін күшейту үшін аса қажет қадам.

 

Бәйдібек аудандық көкпар федерациясының президенті Нұрбек Құрасұлы Арынбеков баяндама жасап, көкпар ойындарын өткізуге қатысты негізгі талаптарды, ойын алдындағы және ойын барысындағы қауіпсіздік шараларын егжей-тегжейлі атап өтті. Ол ең алдымен инфрақұрылымдық дайындықтың маңызын айтты: ат спорты алаңының жағдайы, шеңбер мен көрермендерге арналған аймақтың қауіпсіздігі, шұғыл көмек көрсететін медициналық топтардың әзірлігі, ветеринариялық бақылау, ойыншылардың аттары мен жеке құралдарының тексерісі, барлығы да жоғары деңгейде ұйымдастырылуы міндет. Ойыншылардың қауіпсіздігін қамтамасыз ету үшін арнайы қорғау құралдарын пайдалану, аттарды таңдау кезінде олардың физикалық дайындығына көңіл бөлу, жарыс ережесін бұзбау  да жиында кеңінен сөз болды. Себебі көкпар — адреналинге толы, қимыл-әрекеті көп, қарқыны жоғары спорт. Мұнда ереже бұзылса, бір ғана секундтың ішінде ауыр жарақат алуға немесе аттың құлауына әкелетін қауіп бар.

 

Сонымен бірге көрермендердің қауіпсіздігін сақтау аса маңызды басымдықтардың бірі екені айтылды. Көп жағдайда ұлттық ойындарға жиналған халықтың эмоциялық әсері мен қызығушылығы жоғары болады. Олар кейде шеңберге тым жақын келіп, ойын алаңына жақындап кету фактілері де кездеседі. Бұл — үлкен қауіп. Сол себепті арнайы шектеу сызықтары, тосқауылдар, тәртіп сақшыларының бақылауы, ұйымдастырушылардың бағыт-бағдар беруі көкпарды қауіпсіз өткізудің негізгі кепілі. Жиында осы бағытта арнайы нұсқаулықтар мен тапсырмалар берілді.

 

Жиын барысында сөз алған аудан әкімінің орынбасары Нұрпеис Ақбаев ұлттық спортты дәріптеу мәдениетіміздің ажырамас бөлігі екенін айта келе, қауіпсіздікті қамтамасыз ету тек бір мекеменің ғана емес, бүкіл аудан болып жұмылатын ортақ міндет екенін атап өтті. Бұл — Мемлекет басшысының Жолдауында айтылған «зейінді мемлекет», «жауапты қоғам» қағидаттарымен ұштасады. Әр азамат, әр мекеме, әр спортшы өз жауапкершілігін сезінгенде ғана тәртіп орнайды, спорт дамиды, мәдени мұра сақталады.

 

Аудандық мәслихат төрағасы Имангелді Түймебаев та өз сөзінде көкпардың ұлт рухын көтеретінін, жасөспірімдердің патриоттық тәрбиесіне ықпалы зор екенін, бірақ қазіргі заманда қауіпсіздік мәселесін назардан тыс қалдыруға болмайтынын атап өтті. Ол ауыл әкімдеріне, спорт бөлімдеріне, ұйымдастырушыларға нақты тапсырмалар беріліп отырғанын, әр елді мекен өз жауапкершілігін сезіне отырып, алдағы ойындарға толық дайын болуы керектігін жеткізді.

 

Жиынға қатысқан ауылдық округ әкімдері өз тарапынан ұсыныстарын білдірді. Кей ауылдарда көкпар алаңын жаңарту, қоршауларды күшейту, көлік тұрақтарын реттеу, жол қауіпсіздігін қамтамасыз ету, жедел жәрдемге арналған арнайы орын белгілеу сияқты мәселелер бар екені айтылды. Бұл ұсыныстардың барлығы хаттамаға енгізіліп, жауапты мекемелерге тапсырма жүктелді.

 

Көкпар федерациясы мамандары да бірқатар ұсыныстар айтты. Олар ойындарға қатысатын аттардың ветеринарлық тексерісін күшейту, ойыншылардың арнайы киімдерін стандартқа сәйкестендіру, төрешілердің біліктілігін арттыру, жарыс ережелерін бұзған жағдайда қатаң шара қолдану қажеттігін айтты. Бұл — ұлттық спорттың кәсібиленуіне, халықаралық деңгейге шығуына жол ашатын маңызды қадамдар.

 

Барлық осы шаралар  ел Президентінің «Қоғамдық қауіпсіздікті нығайту — мемлекет дамуының басты шарты» деген ұстанымымен үндеседі. Ұлттық спортты насихаттай отырып, тәртіп пен қауіпсіздікті сақтау — бүгінгі заман талабы. Көкпар — біздің рухымыздың, батырлығымыздың, елдігіміздің символы. Оны келешек ұрпаққа жеткізу үшін ұйымдастыру мәдениеті де жоғары деңгейде болуы шарт.

Jsk ақпараттық агенттігі

Автор: admin