• 29 апреля, 2024 8:04 дп

«Асар-2» шағын ауданындағы 11 мыңнан астам адам, еңбекші ауданындағы тұрғындардың 94,4 пайызы ауыз сумен қамтылған

Автор:admin

Окт 4, 2023

Мемлекет басшысы міндеттеген тапсырмалардың орындалуын бақылау мақсатында бүгін Шымкент қаласының әкімдігінің басшылық құрамы Еңбекші ауданына келді. Ауданда тұрғындардың жайлы өмір сүруіне жағдай жасау үшін жүйелі жұмыстар атқарылып келеді. Қала басшысы аудандағы инфрақұрылым жұмыстарының барысымен танысты. Еңбекші ауданының әкімі Есілбек Досбол аудан аумағындағы 35 шағынаудан мен тұрғын алаптардың халық шоғырланған негізгі бөлігі ауыз су, электр жарығы, табиғи газ, жол инфрақұрылымдарымен қамтылғанын мәлім етті. Оның айтуынша, аудан ауыз сумен 94,4%-ға қамтылған болса, мемлекеттік электр жүйесімен қамту көрсеткіші жыл қорытындысымен 95,2%-ға, ал табиғи газбен қамту 86,4%-ға жеткізілген. Аудан тұрғындарының ауыз су жүйесімен қамтылмаған 5,6 пайызы, яғни, 8 тұрғын алаптағы жаңа құрылыс учаскелеріне су жүйесін жүргізу бойынша жобалық сметалық құжат әзірленуде. Жобалаушы мекеме «Конструктор-80» ЖШС-і болып табылады. Тиісті құжаттар әзір болғанда аталған сегіз елді мекенге су кіргізу үшін қаржы бөлуге өтінім беріледі. Бұл жұмыстар келер жылдың еншісінде. 2022-2023 жылдары Қарабастау, Жұлдыз, Бадам, Оңтүстік-Жаңақұрылыс, Қаратөбе, Тоғыс, Жыланбұзған, Айнатас-1 тұрғын алаптарының жаңақұрылыс бөлігіндегі тұрғындарға сапалы су жеткізіледі деп жоспарлануда. Жеті жылдам астам уақытта ауыз суды тасып ішіп келген Асар-2 шағын ауданы Тәуелсіздіктің 30 жылдығы қарсаңында сапалы ауыз сумен қамтылады. Қала әкімінің тұрғындардың өмір сүруіне жайлы орта қалыптастыру аясында берген тапсырмасы негізінде мегаполисте бірқатар жұмыстар атқарылып келеді. «Асар-2» тұрғындарын сапалы ауыз су жүйесімен қамтамасыз ету мақсатында өткен жылдың маусым айында құрылыс жұмыстары басталған. Жоба құны 1,5 млрд теңгені құрайды. Құрылысын мердігер мекеме «Сарыағаш Аман» жүргізуде. Жалпы ұзындығы 156,1 шақырымды құрайтын ауыз су желісін тарту жұмыстарының бүгінде 80 пайызы аяқталды. Құрылыс жұмысы биыл толығымен аяқталып, Асар-2 шағын ауданындағы 11060 адам сапалы ауыз сумен қамтылатын болады. Сонымен қоса, шағынауданға ауыз сумен қоса көгілдір отынмен жарық жүйесіде тартылуда.

 

Jsk ақпарат орталығы

Автор: admin