Шымкент қаласында тұрғындарды табиғи газбен қамту мәселесіне ерекше мән беріліп, бұл саладағы жұмыстар қарқынды жүргізілуде. Бүгінде қаладағы 81 елдімекеннің 60-ы толық газбен қамтылған, ал 20 елдімекен тұрғындары жартылай газға қосылған. Шаһарда газбен қамтамасыз ету деңгейінің артуы және жаңа құрылыс аумақтарын газбен қамту жұмыстары қала тұрғындары үшін маңызды әлеуметтік мәселе болып табылады. Осы орайда 15 нысанның құрылысы жүргізілді. Атап айтқанда, Қайнарбұлақ 1 және 2-кезең, Ынтымақ-2, Бозарық 1,2,3 кезең, Еламан, Қайтпас-1 (6 көше), Қаратөбе, Тәуелсіздікке-20 жыл, Қарабастау, Қайтпас-1 мен Тұран, Тассай шағын ауданы арасында орналасқан тұрғын үйлер, Жұлдыз-Жалын, Достық шағын аудандары. Ал, жыл қорытындысымен 9 нысанның құрылыс жұмыстары аяқталды. Олар — Қайнарбұлақ 1,2 кезең, Ынтымақ-2, Бозарық 1,2,3 кезең, Еламан, Қаратөбе, Тәуелсіздікке-20 жыл. Нәтижесінде 90 мыңнан астам адам табиғи газ жүйесіне қосылуға мүмкіндік алып, қамту деңгейі 96%-дан 97%-ға өсті. Шымкент қаласының Алтынтөбе (2-кезек) тұрғын алабын мемлекет тарапынан сапалы табиғи газбен қамтамасыз ету жобасы қарқынды жүргізілуде. Ауқымды коммуналды-энергетикалық жобаның 2-кезеңін тапсыру 2026 жылдың І тоқсанына жоспарланған. Бүгінде құрылыс-монтаждау жұмыстары әкімдік тарапынан бекітілген кестеге сәйкес атқарылуда. Жауапты мамандар газ құбырларын тартып, қосылу нүктелерін орнатып келеді. Барлық инженерлік инфрақұрылым техникалық талаптарға сай кезең-кезеңімен жүргізілуде. Бұл жоба қала тұрғындарының өмір сүру сапасын арттыруға, тұрмыстық қолайлы жағдай жасауға және экологиялық таза отын түрін пайдалануға мүмкіндік беруге бағытталған. Жоба іске қосылған соң 124 үй (мыңға жуық тұрғын) сапалы табиғи газбен қамтылатын болады. Коммуналды игіліктерді қосу жұмысы Шымкент қаласы әкімдігінің Энергетика және инфрақұрылымды дамыту басқармасының тұрақты бақылауында. Негізгі мақсат – қала тұрғындарын сапалы инфрақұрылыммен қамтамасыз етіп, қолайлы тұрмыс жағдайын қалыптастыру. Содай-ақ, қаланың даму жоспарына сәйкес, алдағы жылдары 1 жаңа станция және айналма магистралды газ құбырының (АГРС-5) құрылыс жұмыстары кезең-кезеңімен жүргізіледі деп жоспарлануда. Бұл қала халқын табиғи газбен толық қамту бойынша қабылданған шаралардың бір бөлігі.
Jsk ақпараттық агенттігі
