• 25 февраля, 2026 4:32 пп

АКАДЕМИЯ ҰЖЫМЫНА ЖАҢА КОНСТИТУЦИЯНЫҢ МӘН-МАЗМҰНЫ ТҮСІНДІРІЛДІ

Автор:admin

Фев 25, 2026

 

Оңтүстік Қазақстан медицина академиясында жаңа Конституцияны қабылдауға арналған жалпыхалықтық референдумға байланысты түсіндіру жиыны өтті. Кездесуге Шымкент қалалық мәслихатының депутаттары, фракция мүшелері Бөкейхан Әбішев және Бақытжан Позилов қатысып, студенттер мен оқытушылар құрамымен ашық пікір алмасты.
Жиын барысында депутаттар жаңа Конституция жобасының негізгі бағыттарына тоқталып, ұсынылып отырған өзгерістердің мәні мен маңызын жан-жақты түсіндірді. Атап айтқанда, адам құқықтарын қорғау тетіктерін күшейту, заң үстемдігін нығайту, мемлекеттік басқару жүйесін жетілдіру, сондай-ақ білім мен ғылымды дамытуға басымдық беру мәселелері кеңінен талқыланды.
Бөкейхан Әбішев өз сөзінде жаңа Конституцияның ел дамуының стратегиялық бағдарын айқындайтын маңызды құжат екенін атап өтті.
– Бұл референдум – жай ғана дауыс беру науқаны емес, ел дамуының алдағы кезеңін айқындайтын тарихи қадам. Ұсынылып отырған өзгерістер билік тармақтары арасындағы тепе-теңдікті сақтауға, мемлекеттік басқару тиімділігін арттыруға бағытталған, – деді депутат.
Өз кезегінде Бақытжан Позилов жастардың азаматтық белсенділігіне ерекше назар аударды.
– Бүгінгі студент – ертеңгі білікті маман. Конституцияда білім мен ғылымды дамыту мемлекеттік саясаттың стратегиялық бағыты ретінде белгіленуі – болашаққа жасалған нақты инвестиция. Әсіресе, медицина саласы үшін ғылымның дамуы аса маңызды. Сондықтан жастардың бұл үдеріске бейжай қарамауы қажет, – деді ол.
Кездесу еркін форматта өтіп, қатысушылар тарапынан бірқатар сұрақтар қойылды. Атап айтқанда, референдумның құқықтық тәртібі, ұсынылып отырған өзгерістердің мазмұны мен олардың қоғам өміріне ықпалы жөнінде пікір алмасу болды. Депутаттар әр сауалға нақты жауап беріп, референдумның маңызын түсіндірді.
Жиын соңында қатысушылар 15 наурыз күні өтетін жалпыхалықтық референдумның ел болашағы үшін маңызы зор екенін атап өтіп, жаңа Конституцияға қолдайтындарын жеткізді.

Автор: admin