• 18 декабря, 2025 2:02 пп

АБАЙ ЕЛІНДЕ «ЖЕТІ ҚАЗЫНА» РЕСПУБЛИКАЛЫҚ БАЙҚАУЫ ӨТТІ

Автор:admin

Дек 18, 2025

Абайдың 180 жылдығына орай Қарауылда «Жеті қазына» республикалық ұлттық мәдениет, спорт және туризм байқауы өтті.

Түркістан облысы мәдениет басқармасының «Конгресс Холл» көпсалалы кешені мен «Фараб» әмбебап ғылыми кітапханасының қызметкерлері қатысып, өңір намысын қорғады. Атап айтқанда Исмайлов Райымхан «Ер жігіт – 2025» сайысында, Мамеш Жібек «Сұлу әйел – 2025» байқауында, Мәнсұр Шұғыла «Абай оқуларында» облыс атынан сынға түсті.

Үш күнге созылған шара аясында «Ер жігіт», «Сұлу әйел», «Ілім-білім», «Қыран бүркіт», «Жүйрік ат», «Құмай тазы», «Берен мылтық» сайыстары ұйымдастырылды.

Қарауыл ауылындағы Абай саябағында қазақ қызының көркі мен нәзіктігін паш ететін «Сұлу әйел» сайысы өтті. Жарысқа еліміздің әр өңірінен келген 25 ару қатысты. Аудандық Мәдениет үйінде ұйымдастырылған ақын мұрасын дәріптеуге арналған «Ілім, білім: Абай оқулары» байқауында еліміздің түкпір-түкпірінен келген 25 үміткер Абайдың өлеңдері мен қара сөздерін мәнерлеп оқудан бәсекеге түсті.

Сондай-ақ, «Ер жігіт» сайысының бірінші кезеңі басталып, қатысушылар теңге ілу, қазақ күресі, қой көтеру сынды ұлттық спорт түрлері бойынша сынға түсті.

Байқаудың басты мақсаты – ұлттық салт-дәстүрді, қазақи болмысты, рухани мұра мен зияткерлік байлықты жаңғырту және жас ұрпаққа үлгі ету болды. Жалпы фестивальге Қазақстанның барлық облыстары мен Астана, Алматы, Шымкент қалаларынан, сондай-ақ Абай облысының 10 ауданынан өкілдер қатысты.

 

Jsk ақпараттық агенттігі

Автор: admin