• 08.04.2026 17:43

🔹КЕНТАУДА РЕСПУБЛИКАЛЫҚ «ЖАЙДАРМАН» ОЙЫНДАРЫ ӨТТІ

Автор:admin

Апр 8, 2026

Кентау қаласында республикалық деңгейдегі «Жайдарман» ойындары ұйымдастырылды. Ауқымды шара «Кентау қаласы әкімінің кубогына» арналды.

Көңілді тапқырлар сайысы елімізге танымал «Қазақстан КВН Одағы» республикалық жастар қоғамдық бірлестігінің президенті, «Құрмет» орденінің иегері Есен Елеукеннің жүргізуімен жоғары деңгейде өтті. Сайысқа еліміздің әр өңірінен және шетелден келген барлығы 12 команда қатысты. Атап айтқанда, Шымкент, Сарыағаш, Астана, Ақтөбе, Батыс Қазақстан, Абай облыстарының командалары және Қарақалпақстаннан келген құрамалар бақ сынасты.

Тартысты дода бір кезең, сәлемдесу форматында өтті. Қатысушылар қоғамдағы әртүрлі тақырыптарды, Кентау қаласының ерекшеліктері мен көркем келбетін әзілмен шебер ұштастырып, көрерменге көтеріңкі көңіл-күй сыйлады.

Аталған шара – жастардың шығармашылық әлеуетін арттыруға, әзіл-сықақ жанрын дамытуға және мәдени байланыстарды нығайтуға бағытталған маңызды алаңға айналды.

Сайыс қорытындысы бойынша, І орын – Сарыағаш ауданынан келген «Абырой СұңқарМед» құрамасы, ІІ орын – Ақтөбе облысынан «Оспанов құрамасы», ІІІ орын – Шымкент қаласының «Mademuazel» құрамасы иеленді.

Сонымен қатар, Қарақалпақстаннан келген «Алмаз» құрамасына арнайы жүлде табысталды.

Шараға облыс әкімінің орынбасары Ертай Алтаев пен Кентау қаласының әкімі Жандос Тасов қатысып, қатысушыларға және ойын жүргізушісі Есен Елеукенге алғыс білдірді.

Жеңімпаздар мен жүлдегерлер арнайы кубоктармен, дипломдармен және қаржылай сыйлықтармен марапатталды.

✔️Кентау қаласы әкімдігінің баспасөз қызметі

Автор: admin