• 20.08.2026 19:36

№46 мектеп-лицейі жаңа оқу жылына дайын

Автор:jsk.kz

Авг 20, 2026

 

Шымкент қаласындағы №46 мектеп-лицейінде жаңа оқу жылына дайындықтың негізгі жұмыстары аяқталды. Қазір білім ордасында соңғы ретке келтіру жұмыстары жүргізілуде.

1986 жылы салынған мектепте бүгінде 2700 оқушы білім алады. Оқу үдерісі екі ауысымда ұйымдастырылған. Білім беру ұйымында шамамен 200 қызметкер еңбек етеді.

Мектеп ғимаратына күрделі жөндеудің бірінші кезеңі 2014 жылы жүргізілген. Ал биыл техникалық қорытынды негізінде күрделі жөндеудің екінші кезеңі жүзеге асырылды. Жөндеу барысында ғимараттың қазіргі техникалық жағдайы ескеріліп, тозған элементтер жаңартылып, инженерлік инфрақұрылым ретке келтірілді. Негізгі мақсат – оқушылар мен мұғалімдер үшін қауіпсіз әрі қолайлы орта қалыптастыру.

Жөндеу жұмыстарын «СИГРОСТ» ЖШС мердігер ұйымы атқаруда. Қазіргі таңда негізгі жұмыстар толық аяқталып, нысанда соңғы жұмыстар мен ұсақ кемшіліктерді ретке келтіру кезеңі жүріп жатыр.

Жаңғырту жұмыстары аясында мектептің қасбеті мен шатыры жаңартылды. Оқу кабинеттері де заманауи талаптарға сай жабдықталған. Мектепте негізгі пәндер бойынша кабинеттермен қатар информатика, робототехника және еңбек кабинеттері жұмыс істейді.

Жаңа оқу жылына дайындық кезінде мектептің инженерлік жүйелерінің жағдайына да ерекше көңіл бөлінген. Жылу жүйесінде ақау жоқ, білім ордасы жылыту маусымына дайын.

Мектеп директоры Гүлжан Ибрагимованың айтуынша, білім ошағының басты көрсеткіші – тек ғимараттың жаңаруы немесе оқушылардың жетістігі емес. Ең маңыздысы – баланың өзін қауіпсіз әрі жайлы сезінуі, сапалы білім алуы және болашағына сеніммен қарайтын орта қалыптастыру.

Осылайша, жаңартылған инфрақұрылым, заманауи оқу кабинеттері мен қолайлы білім беру ортасы №46 мектеп-лицейінің жаңа оқу жылын сапалы бастауына мүмкіндік бермек.

Автор: jsk.kz