Түркістан облысының әкімі Өмірзақ Шөкеевтің төрағалығымен өткен апталық аппарат отырысында облыста ауыл шаруашылығының негізгі салаларын дамыту мәселелері туралы баяндалды. Бұл саланың аса маңызды екеніне тоқталған өңір басшысы барлық жұмыстар жүйелі жүргізіліп, жауапты өкілдер сөзден іске көшуі керектігін айтты. Ел көзбояушылық пен құрғақ статистика емес, әр жобаның жүзеге асырылуын күтіп отырғанын жеткізіп, сала басшыларына нақты тапсырмалар берді.
— Не бұл көзбояушылық? Маған сөз емес, нақты нәтиже керек. Егер жұмыс істелсе, көзге көрініп тұрады. Сондықтан етік киіп, әрбір жобаны істің басында жүріп қадағалап, жүзеге асырыңыздар, — деді Ө. Шөкеев.
Облыста азық-түлік қауіпсіздігі, шаруаларды тұқыммен, жем-шөппен, тыңайтқышпен қамтамасыз ету мәселелері, субсидияның қолжетімділігі және егін егу науқаны қатаң бақылауда. Әртараптандыру нәтижесінде егіс көлемі 844 мың гектарға жеткізілді. Өңірде қарқынды бау, сүт тауарлы ферма, құс етін өндіру, мал бордақылау кешені, өнеркәсіптік жылыжай, етті қайта өңдеу кәсіпорындары, өсімідік өнімдерін қайта өңдеу, балық шаруашылығы және ветеринариялық препараттар өндіру бойынша инвестициялық жобалар жүзеге асуда. Облыс басшысы жұмыстарды өңірдің барлық аудан, қалаларда қарқынды жүзеге асыруды тапсырды.
Сонымен бірге жиналыста облыс бюджетінің 2021 жылдың қорытындысымен игерілуі баяндылды. Облыс бойынша 2021 жылға арналған облыс бюджетіне түсімдер 115,3 млрд. теңге сомасында көзделіп, бюджетті атқару 3,5 млрд. теңгеге асыра орындалды. Өткен жылдың қорытындысымен бюджеттің атқарылуы 99,8%-ды құрап, республика деңгейінде игеру нәтижесі 1-орынды көрсетті.
Jsk ақпарат
Post Views: 288