• 12 марта, 2026 10:51 пп

Өндіріс орны басшылығы жаңа өзгерістерге үн қосты

Автор:admin

Мар 12, 2026

 

Шымкент қаласындағы «Тассай» индустриялық аймағында орналасқан «Green Cross ECO» ЖШС кәсіпорнының басшылығы мен қызметкерлері Жаңа Конституция жобасына қолдау білдірді. Кәсіпорын ұжымына негізгі өзгерістер мен жаңашылдықтар түсіндіріліп, маңызды құжаттың қоғам өміріндегі маңызы жөнінде ақпараттық-түсіндіру жұмыстары жүргізілді.

Инсулинге арналған шприцтер мен медициналық инелер шығаратын өндіріс орнының атқарушы директоры Гүлия Жүзенованың айтуынша, Ата заңның жаңа редакциясында азаматтардың құқықтарын қорғауға, ғылым мен инновацияны дамытуға бағытталған бірқатар маңызды өзгерістер қарастырылған.

Қазіргі таңда кәсіпорында 50-ден астам қызметкер еңбек етеді. Өндіріс процесі тәулік бойы үш ауысым бойынша ұйымдастырылған. Жұмысшылар сағатына шамамен 15 мың инсулин инесін шығарады. Кәсіпорын басшылығы алдағы уақытта өндіріс көлемін кеңейтіп, қызметкерлердің әлеуметтік қорғалуын күшейту бағытында бірқатар шараларды жүзеге асыруды жоспарлап отыр.

Кәсіпорынның атқарушы директоры Гүлия Жүзенова Жаңа Конституция жобасының маңызына тоқталып өтті.

«Жаңа Конституция жобасын қызметкерлерге түсіндіру бойынша тұрақты түрде ақпараттық жұмыстар жүргізіп келеміз. Құжатта еңбекті қорғау мәселесі жаңа деңгейге көтерілген. Сонымен қатар жасанды интеллект пен ғылым жетістіктерін өндіріс саласына енгізу де маңызды бағыттардың бірі болып отыр. Бұл біздің кәсіпорын үшін де басым міндеттердің бірі. Еліміз дамудың жаңа кезеңіне қадам басты. Ұсынылып отырған өзгерістер қоғамдағы әділеттілікті нығайтып, азаматтардың еңбекақысына, еңбек сапасына және қауіпсіз еңбек жағдайына ерекше назар аударуға бағытталған. Біз бұл бастамаларды толық қолдаймыз», – деді Гүлия Бексұлтанқызы.

Жалпы, Ата заңға енгізілетін өзгерістер азаматтардың құқықтарын қорғауға, еңбеккерлердің жағдайын жақсартуға және қоғамдағы әлеуметтік әділеттілікті нығайтуға бағытталған. Медициналық бұйымдар өндіретін кәсіпорын ұжымы алдағы уақытта өндірістің бәсекеге қабілеттілігін арттырып, жаңа технологияларды енгізу арқылы сала дамуына өз үлесін қосуды мақсат етіп отыр.

Автор: admin