Шымкент қаласындағы «Отырар» колледжінде студенттерге арналған «Ұлт болашағы – еңбек» атты тақырыптық кездесу квиз форматында ұйымдастырылды. Іс-шара барысында «Жас қайрат» және «Еңбек жастары» командалары өзара сайысқа түсіп, Қазақстан тарихы, логикалық ойлау және заманауи технологиялық үрдістер бойынша білімдерін сынады.
Сайыс бағдарламасы бірнеше кезеңнен тұрды. Қатысушылар Қазақстан тарихына қатысты сұрақтарға жауап беріп, жылдамдыққа арналған логикалық тапсырмаларды орындады. Сонымен қатар, цифрлық сауаттылық мәселесіне ерекше назар аударылды: студенттер ақпараттық жүйелерді хакерлік шабуылдардан қорғау тәсілдерін, қашықтан жұмыс істеу ерекшеліктерін және стартап-компаниялардың жұмыс істеу қағидаттарын талқылады.
Кездесу қорытындысын қорытындылай келе, «Отырар» колледжі директорының тәрбие ісі жөніндегі орынбасары Мұхан Әширов жастардың еңбекке деген дұрыс көзқарасын қалыптастырудың маңыздылығын атап өтті.
«Біз мұндай іс-шараларды жастарға адал еңбектің қадірін түсіндіру үшін өткіземіз. Қазіргі уақытта колледжде 10 мамандық бойынша 2000-нан астам студент білім алуда. Біздің басты мақсатымыз – олардың бәсекеге қабілетті маман болып қалыптасуына жағдай жасау. Дуалды оқыту жүйесі және екінші курстан бастап мектептер мен балабақшаларда өтетін тәжірибе арқылы түлектердің жұмыспен қамтылуын арттыруға күш салып келеміз. Бүгінде бұл көрсеткіш 70–80 пайызға жетіп отыр. Мемлекет басшысы жариялаған 2025 жыл – Жұмысшы мамандықтар жылы аясында мұндай кездесулер жастардың таңдаған мамандығының маңызын тереңірек түсінуіне мүмкіндік береді», – деді ол.
Іс-шара барысында жастардың қоғамдық-саяси өмірдегі белсенділігі мәселесі де талқыланды. Атап айтқанда, 2026 жылғы 15 наурызға жоспарланған республикалық референдумға қатысудың маңызы сөз болды.
Колледждің 3-курс студенті Асылбек Жолдыбай еңбек белсенділігі мен азаматтық жауапкершілік өзара тығыз байланысты екенін атап өтті.
«Адам тұлғасы ең алдымен жасампаз еңбек арқылы қалыптасады. Біздің студенттік парламент сенбіліктер ұйымдастырып, қайырымдылық жәрмеңкелерін өткізіп келеді. Бұл – еңбек арқылы тәрбиенің нақты көрінісі. Біз қатарластарымызды ел өміріндегі маңызды оқиғаларға белсенді қатысып, алдағы референдумда өз азаматтық ұстанымдарын білдіруге шақырамыз. Бұл – ортақ болашағымыз алдындағы жауапкершілік», – деді ол.
