• 20 апреля, 2024 10:55 пп

       

    Өмірде ақ пен қара бірге жүреді, деп жатамыз.Халқымыз өмірдің осы мағынасын бір ғана тәмсілге сыйдыра білген. Бала кезден “біреудің ала жібін аттама” деп жамандық жолынан сақтандырып, тыйым салған. Ала жіп — ақ пен қараның, бар мен жоқтың бір бірінен ажырамайтындығының символы. Ғаламның торына байланған ғаламда адамдар тіршіліктің дұрыс тәсілін ұмытқан сияқты… Арсыз іс істегеніне арланатындар да азайып бара жатыр.

     Қазақстанда қазір интернет алаяқтыққа тыйым болмай тұр. Технологияның тілін мықты меңгерген әккілердің құрығы ұзарып, алдап-арбау әдіс-тәсілдері күн санап артып келеді.Статистикалық мәліметтерге сәйкес өткен жылға қарағанда интернет алаяқтық көрсеткіші 30%-ға өскен. Рас, интернет пен цифрлы технологиялардың кеңінен таралуы жаһандану құрылымын ғана емес, қылмыс әлемінің сипатын да құбылтты. Мәселен, соңғы кездері алақтар OLX немесе АҚ “Қазпошта” арқылы жеткізу рәсімдеу сылтауымен төлем өткізу үшін жалған толтыру формасын жібереді. Онда банк картасының реквизиттерін толтыру қажет.   Сол арқылы жалған сатып алушылар банк шотыңызға қол жеткізеді де, ақшаңызды ұрлайды. Бөгде сайттар арқылы төлем жасауды немесе жеткізуді рәсімдеуді ұсынса, сізді алдайын деп тұрғанын білгеніңіз жөн. Жеке карта нөмірін, куәліктің нөмірін ешкімге хабарламаңыз. Танымайтын адамдарға өзіңіз туралы мәліметті айтпаған дұрыс. Қарапайым ақпарат арқылы да ауқымды қылмыс жасайтындар бар. Микроқаржы ұйымдары арқылы заңсыз микронесие рәсімдеуге қауқары жететіндер бар. Оны ЖСН нөмірі және жеке куәлік арқылы тіркеуге болады. Несие сіздің атыңызға рәсімделгенде, ақшаны алу үшін алаяқ өз банк шотын енгізеді. Кейде несиеге рұқсат алу үшін фотоға ұқсас адамды тауып, қашықтан тұлғаны сәйкестендіруге тырысады. Қаскүнемдер кейде жәбірленушінің дауысын жазып алып, сәйкестендіру үшін пайдалануы мүмкін.Бармағыңызды тістеп қалмау үшін бейтаныс адамдарға жеке куәлік деректерін, ЖСН нөмірін, куәлігіңіздің фотосуретін жібермеңіз және оларды ашық дереккөздерде жарияламаңыз. Құжатыңызды да кепілдікке қалдырмауға тырысыңыз. Күмәнді лотереялар мен конкурстарға қатысу үшін жеке деректермен бөлісу дұрыс емес. Қауіпті интернет-ресурстарға жеке деректеріңізді енгізбеңіз.

     Электронды поштаңызға немесе ұялы телефоныңызға сіз ұтыс ұттыңыз деген хабарлама келсе, сене бермеңіз. Кейін сол ұтып алған ұтысты шешу үшін салық төлеуіңіз керек болады. Ұтыс деген сөзді ести сала кейбір адамдар қолдарында бар ақшаны аударып жатады. Сондықтан жалған ақпаратқа сенбеңіз.

   Қазір онлайн сауда дамыды. Түрлі сайттардан керегіңді алуға мүмкіндік туғаны, әрине жақсы. Тек алданып қалмаудың қамын жасау керек. Көзбен көрген дүниеге сену керек. Интернеттің мүмкіндігін өз қылмысын жүзеге асыру үшін оңтайлы пайдаланып жүрген алаяқтардың әдіс-тәсілдері күн сайын өзгеріп, жаңарып отырады. Сондықтан сауатты болу маңызды. Орынсыз сенгіштіктен арылып, бәрін байыппен шешкен жөн. Заңды тұрғыда шешуге тырысыңыз. Саналы, білімді азамат заңды ереже бойынша нәтижеге жете алатыны анық.  Қазіргі қоғам қу құлқынның құрдымында жұтылып барады. Берекетсіз, лас ақша абырой алып келмейді, бақыт сыйламайды. Нәпсінің жетегінде кетпей, адалдықпен өмір сүргенге не жетсін?!

 

   Әлия Түгелбай

Автор: admin