28 қаңтарда «Nur Otan» партиясының кезектен тыс XXI съезі өтіп, оған еліміздің барлық өңірінен 389 делегат, Түркістан облысынан өңір басшысы, партия филиалының төрағасы Өмірзақ Шөкеев бастаған 28 делегат онлайн-форматта қатысты.
Жиынның күн тәртібінде қатысушылар үш мәселені қарады:
1. Партияның Төрағасын сайлау туралы;
2. Жарғыға өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы;
3. Саяси кеңес құрамына өзгерістер енгізу туралы.
Партияның кезектен тыс XXI съезінің шешімімен елдің Тұңғыш Президенті – Елбасы Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаевтың ұсынысы бойынша Қазақстан Республикасының Президенті Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаев бірауыздан «Nur Otan» партиясының Төрағасы болып сайланды.
Маңызды жиында партияның жарғысына өзгерістер енгізілді. Сонымен бірге партияның Саяси кеңесінің құрамына өзгерістер енгізу туралы шешім де қабылданды.
Оған партия мүшелерінің санына пропорционалды түрде барлық өңірдің өкілдері енді.
Жалпы, партияның жоғары өкілді органы 55%-ке жаңарды.
Әйелдердің үлесі 33,7%-ға дейін өсті. 35 жасқа дейінгі жастардың үлесі 6 есеге, 13%-ға дейін артты. Орташа жас мөлшері 4 жылға төмендеп, 47 жасты құрады. Мемлекеттік қызметшілер саны үштен бірге қысқарды.
Саяси кеңестің құрамында азаматтық сектордың өкілдері айтарлықтай артты.
Білім беру саласының өкілдері 2 есеге (10%) артты. ҮЕҰ мен БАҚ үлесі 15,2%-ға ұлғайды.
Ел Президенті партия жұмысын жандандыру бағытында жұмыстар жүргізілетінін айтып, нақты міндеттер жүктеді.
— «Nur Otan» мемлекетшілдер партиясы болуы керек. Ұйым мүшелері мемлекет мүддесін бәрінен биік қоюы тиіс. Партияның барлық бастамалары елімізді өркендетуге, халқымыздың әл-ауқатын арттыруға арналғанын ұмытпайық. Жаңа реформаларды іске асыруға қатаң партиялық және қоғамдық бақылауды қамтамасыз ету қажет. Үкіметке нақты тапсырмалар берілді. «Nur Otan» партиясы олардың сапалы орындалуын ынталандыруы тиіс. Бұл үшін барлық ресурстар бар. Саясатта ел мүддесіне берік болу айрықша маңызды. Мен Президент қызметінде және партия жұмысында дәл осы қағиданы ұстанамын. Алдымызда жаңа міндеттер тұр. Бірлігіміз бекем болса, оның бәрін орындаймыз. «Nur Otan» – еліміздің негізгі саяси күші. Сондықтан Қазақстанның болашағы үшін, ең алдымен, біздің партиямыз жауапты. Әрқайсымыз осы жауапкершілікті терең сезініп жұмыс істеуіміз керек, — деді Президент.
Jsk ақпарат