• 12 марта, 2026 10:54 пп

Қаратау ауданы тұрғындарымен ашық диалог өтті

Автор:admin

Мар 12, 2026

 

Шымкент қаласының Қаратау ауданында орналасқан №80 IT мектеп-лицейінде сарапшылар мен аудан тұрғындарының қатысуымен ашық диалог алаңы ұйымдастырылды. Кездесудің негізгі мақсаты – Жаңа Конституция аясындағы конституциялық шешімдер мен құқықтық реформаларды жан-жақты талқылау.
Іс-шара барысында қатысушылар ел өміріндегі маңызды саяси оқиғалардың бірі – алдағы республикалық референдумның тарихи маңызына тоқталды. Сарапшылардың айтуынша, жаңартылған Конституцияда адал еңбек етіп жүрген әрбір азаматтың әлеуметтік қорғалу құқығы нақты кепілдендірілген. Бұл қағидат қоғамдағы әділеттілік пен теңдік принциптерін нығайтуға бағытталған маңызды қадам ретінде бағаланып отыр.
Жиын барысында Ж.Шанин атындағы академиялық қазақ драма театрының директоры Дархан Балажанов сөз сөйлеп, заң үстемдігін нығайту, азаматтардың құқықтарын қорғау және қоғамдық келісімді сақтау бағытында жүргізіліп жатқан жұмыстар туралы кеңінен тоқталды. Сондай-ақ ол қолданыстағы Конституцияға өзгерістер енгізудің себептері мен маңызын түсіндірді.
«Жаңа Конституция – уақыт талабы. Қоғам үнемі дамып, жаңарып отырады. Сондықтан жаңа талаптар мен жаңа көзқарастардың қалыптасуы заңнамалық өзгерістерді қажет етеді. Бұрынғы Конституцияны 13 адам әзірлеген болса, қазіргі конституциялық реформалар жобасын еліміздің барлық өңірлерінен келген түрлі әлеуметтік топтар мен қоғам өкілдерінен құралған 130 мүшесі бар комиссия дайындады. Бұл – барлық саладағы мәселелер жан-жақты қарастырылып, халықтың ұсыныстары ескерілгенінің айқын дәлелі», – деді Дархан Балажанов.
Сонымен қатар спикер Конституцияға енгізілген маңызды жаңашылдықтардың бірі – вице-президент лауазымының енгізілуі туралы да пікір білдірді.
«Вице-президент институты әлемнің 70-тен астам мемлекетінде қолданылады. Енді біздің елімізде де осы басқару тетігін енгізу арқылы мемлекеттік басқару жүйесін жетілдіру көзделіп отыр. Мұның барлығы Қазақстанның тұрақты дамуын қамтамасыз етіп, халықаралық аренадағы позициясын нығайтуға бағытталған», – деп атап өтті ол.
Кездесу соңында тұрғындар өздерін толғандырған сұрақтарын қойып, сарапшылардан жан-жақты жауап алды. Жиын қорытындысы бойынша қатысушылар жаңа құжатқа қолдау білдіретіндіерін жеткізді.

Автор: admin