• 24.09.2026 10:04

“ШЫМҚАЛА КЕШІ” АБАЙ КҮНІНЕ АРНАЛДЫ

Автор:jsk.kz

Авг 9, 2026

Шымкентте Абай күніне орай өтіп жатқан мәдени іс-шаралар “Шымқала” тарихи-мәдени кешенінде жалғасын тапты. Бұл жолғы “Шымқала кеші” ұлы ақын Абай Құнанбайұлының рухани мұрасын ұлықтауға арналды.

Кештің шымылдығы Жастар театры өнерпаздарының орындауындағы «Қалың елім, қазағым» поэтикалық толғауымен түрілді. Сахнада ақынның ел тағдыры, халықтың болмысы мен адамдық қасиеттері жайлы терең ойлары көркем сөз арқылы өріліп, көрерменге ерекше әсер сыйлады.

Жыл сайын 10 тамызда Қазақстанда айтулы мереке – Абай күні атап өтіледі. Бұл күн – жай ғана күнтізбедегі дата емес, ұлттың рухани темірқазығына айналған ұлы ақын, ойшыл, сазгер әрі ағартушы Абай Құнанбайұлының асыл мұрасына тағзым ету мен ұлттық болмысымызды түгендеу күні.

2020 жылы Қазақстан Республикасы Үкіметінің қаулысымен 10 тамыз ресми түрде «Абай күні» мерекесі болып бекітілді. Бұл шешім – халықтың ұлы перзентіне деген шексіз құрметінің және оның өсиеттерін мемлекеттік деңгейде дәріптеудің айқын көрінісі. Абайдың туған күнін атап өту арқылы біз өсіп келе жатқан жас ұрпақты білім мен ғылымға, адамгершілік пен отансүйгіштікке баулимыз.

Абай артына өшпес мұра қалдырды. Оның поэзиясы – қазақ тілінің байлығы мен көркемдігінің шыңы, ал қара сөздері – терең философия мен адамгершілік мектебі. Хакім Абайдың «Толық адам» концепциясы, білімге ұмтылу, еңбекқорлық, адалдық пен бауырмалдық туралы өсиеттері бүгінгі жаһандану дәуірінде де өзінің өзектілігін жоғалтқан жоқ. Оның «Адамзаттың бәрін сүй бауырым деп…» деген даналық сөзі бүкіл адамзатты бірлікке, парасаттылыққа шақырады.

Абай күніне орай елде де, шетелде дипломатиялық өкілдіктер де түрлі мәдени-ағартушылық іс-шаралар ұйымдастырылады: Абайтанушылар мен ғалымдар ақын шығармашылығының жаңа қырларын талқылайды. «Шымқала» сияқты тарихи-мәдени кешендерде, театрлар мен консерваторияларда Абай әндері шырқалып, өлеңдері оқылады. Мектеп оқушылары мен жастар арасында ақын өлеңдерін жатқа айтудан жарыстар өтеді. Кітапханалар мен музейлерде ақынның сирек кездесетін қолжазбалары мен еңбектері көпшілікке ұсынылады. Абайды тану – өзімізді тану. Уақыт өткен сайын Абай мұрасының бағасы арта бермек. Абай күні бізге ұлы ойшылдың «Ақырын жүріп, анық бас», «Ғылым таппай мақтанба» деген тағылымдарын тағы бір мәрте еске салып, санамызды жаңғыртуға мүмкіндік береді.

Абайдың асыл сөзі – қазақ халқының ғана емес, бүкіл адамзаттың рухани қазынасы. Ал оны ұлықтау мен болашақ ұрпаққа аманаттау – бәрімізге ортақ міндет.

Поэзиямен басталған кеш әсем әнмен жалғасты. Сахна төріне «Шымкент концерт» концерттік ұйымының өнерпаздары шығып, көрерменге қазақ музыкасының таңдаулы туындыларын тарту етті. Кеш бағдарламасында қазақтың сырлы әндері шырқалып, көрерменге «Көзімнің қарасы», «Оралшы махаббат», «Таң сыры», «Тәтті бақыт», «Ризамын», «Отаным», «Қазақ елі» және басқа да шығармалар ұсынылды.

Әсерлі әуен мен тағылымды поэзия астасқан кеш көрерменге көтеріңкі көңіл күй сыйлап, Абай мұрасын өнер арқылы қайта жаңғыртты. Кеш барысында ұлы ақынның шығармашылығы кеңінен дәріптеліп, ұлттық өнердің құндылығы тағы бір мәрте айқын көрінді.

 

Автор: jsk.kz