• 2 марта, 2026 9:43 пп

ШЫМКЕНТ: «Karlskrona LC AB» кәсіпорнында еңбек ұжымымен кездесу өтті

Автор:admin

Мар 2, 2026

 

Шымкент қаласында Жаңа Конституцияның негізгі бағыттары мен маңызын түсіндіруге арналған кездесу өтті. Жиынға арнайы сарапшы маман А.Монтаев пен Ж. Шанин атындағы академиялық қазақ драма театрының директоры Дархан Балажанов қатысып, «Karlskrona LC AB» ЖШС-нің еңбек ұжымымен жүздесті.
Еліміздегі ірі машина жасау кәсіпорындарының бірі саналатын өндіріс орнында бүгінде 200-ге жуық жұмысшы еңбек етеді. Кәсіпорын директорының міндетін атқарушы, техникалық директор Асқар Ажаевтың айтуынша, жоғары сапа стандарттарына сай сорғылар мен сорғы жабдықтарын өндіретін зауыт өнімдеріне сұраныс тұрақты түрде артып келеді.
Кәсіпорында ауыл шаруашылығы саласымен қатар мұнай және уран өндірісіне арналған сорғылар дайындалады. Өнімдер болат пен шойыннан құйылып жасалады. Шикізаттың басым бөлігі отандық көздерден алынады. Металл сынықтары арнайы балқыту цехында қайта өңделіп, қажетті қалыптарға құйылады. Заманауи технологиялар мен сапа талаптарының сақталуы нәтижесінде шығарылатын өнімнің бәсекеге қабілеттілігі жоғары.
Бүгінде зауыт өнімдеріне тек ішкі нарықта ғана емес, шетелде де сұраныс бар. Атап айтқанда, Түркия мен Үндістан мемлекеттерінен тұрақты тапсырыстар түсуде. Бұл – отандық өндірістің халықаралық деңгейде мойындалғанының айқын дәлелі.
Осындай стратегиялық маңызы бар кәсіпорында еңбек ететін мамандар үшін елдің басты құқықтық құжаты – Конституция талаптарын білу айрықша маңызды. Жиын барысында арнайы сарапшы маман А.Монтаев пен Дархан Балажанов Ата заңға енгізілген өзгерістердің мәні мен мазмұнына жан-жақты тоқталды.
– Конституция – кез келген мемлекеттің құқықтық әрі рухани тірегі. Ол қоғам дамуының негізгі бағдарын айқындайды. Конституцияға енгізілген өзгерістер жай ғана заңнамалық түзетулер емес, ел дамуының жаңа кезеңіне қадам басудың нақты көрінісі. Уақыт талабына сай саяси, экономикалық және қоғамдық қатынастар жаңарып отыр. Сондықтан Негізгі заңды жетілдіру – заман сұранысынан туындаған қажеттілік, – деді сарапшы ол.
Кездесу барысында Жаңа Конституцияда әлеуметтік мемлекеттің рөлі айқындалып, азаматтардың құқықтары мен бостандықтарын қорғау тетіктері күшейтілгені атап өтілді. Сонымен қатар саяси реформалардың билік тармақтары арасындағы тепе-теңдікті нығайтуға бағытталғаны, ал экономикалық өзгерістер кәсіпкерлік пен жеке бастаманы қолдауға мүмкіндік беретіні айтылды.
Жиын ашық пікір алмасу форматында өтіп, еңбек ұжымы өздерін толғандырған сұрақтарын қойды. Кеездесу қорытындысы бойынша қатысушылар жаңа құжатқа бірауыздан қолдау білдіретіндіктерін жеткізді.

Автор: admin