• Чт. Окт 15th, 2026

ШЫМКЕНТ: 100-ГЕ ЖУЫҚ ӨНЕРПАЗ АБАЙ ӘНДЕРІН ШЫРҚАДЫ

Автор:jsk.kz

Авг 10, 2026

Бүгін, 10 тамыз — Абай күніне орай Шымкент қаласында ауқымды музыкалық шеру өтті. Шартарапты әуенге бөлеген бұл мәдени бастама аясында 100-ге жуық өнерпаз қаланың басты орындарында ұлы ақынның мәңгілік мұрасын паш етті.

Жергілікті өнер ұжымдары қала тұрғындары мен қонақтарына мерекелік көңіл-күй сыйлап, Хәкім Абайдың «Көзімнің қарасы», «Желсіз түнде жарық ай», «Айттым сәлем Қаламқас» сынды әндерін әуелете шырқап көпшілікті тәнті етті. Өнерпаздар Әуежай, «Дала мол», Теміржол вокзалы, «Жапон» саябағы, «Плаза», «Сити мол» сауда орталықтарын аралап, әуезді әндерін қалықтатты. Жанды дауыстағы орындаулар қаланың әрбір бұрышын ұлттық өнердің рухына бөледі. Жас пен кәріні баурап алған музыкалық шеру ұрпақты ұлттық құндылықтарға баулудың және ұлы Абайдың асыл сөзін дәріптеудің жарқын үлгісіне айналды.

Хакім Абайдың «Сөз түзелді, тыңдаушым, сен де түзел» деген өсиеті – ғасырлар өтсе де маңызын жоғалтпайтын мәңгілік бағдар. Ақынның асыл сөзі мен асыл әнін жас ұрпақтың бойына дарытып, рухани қазынамызды қайта жаңғырту – бүгінгі қоғамның басты міндеттерінің бірі. Осы орайда, Шымкент қаласындағы «Шымқала» тарихи-мәдени кешенінде Абай күніне орай өткен салтанатты кеш ұлы ойшылдың мұрасын дәріптеудің айқын әрі жарқын үлгісіне айналды.

Абай сөзін ұлықтаған салтанатты кеш құрғақ баяндамалармен емес, терең әсер қалдыратын өнер туындыларымен ашылды. Жастар театры өнерпаздарының орындауындағы «Қалың елім, қазағым» поэтикалық толғауы сахнада қойылып, хакімнің ел мен жер тағдыры, ұлттық болмыс пен адамгершілік хақындағы терең ойларын көрермен жүрегіне жеткізді. Бұл – ақынның поэтикалық мұрасын тек оқып қана қоймай, сахналық өнер арқылы эмоционалды түрде сезіндірудің тамаша мысалы болды.

Сөз өнері әуезді музыкамен ұласып, «Шымкент концерт» концерттік ұйымының өнерпаздары ақынның мәңгілік туындыларын шырқады. Абайдың «Көзімнің қарасы» әнінен бастау алған концерттік бағдарлама «Оралшы махаббат», «Таң сыры», «Тәтті бақыт», «Ризамын», «Отаным» және «Қазақ елі» сияқты сырлы да патриоттық әндермен жалғасты. Музыкалық шеберлік пен ұлттық нақыш астасқан мұндай кештер: Жастарға ақынның ән мұрасын заманауи орындауда таныстырып, ұлттық музыкаға деген сүйіспеншілікті арттырады. Кештің «Шымқала» тарихи-мәдени кешені сияқты киелі орнында өтуі өнер мен тарихтың табиғи байланысын көрсетті. Абайдың «Адамзаттың бәрін сүй бауырым деп…» деген басты қағидасын насихаттайды.

Абайдың асыл сөзін дәріптеу формальды түрде өткізілетін жиындармен шектелмеуі тиіс. Шымкентте өткен мәдени іс-шара рухани мұраны қалай қызықты, әсерлі әрі сапалы түрде ұсынуға болатынын дәлелдеді. Жанды дауыстағы музыка, терең мағыналы поэзия және ашық аспан астындағы тарихи атмосфера көрерменге ерекше рухани серпіліс сыйлады.

Абайды тану мен дәріптеу – ұлттық сананы жаңғыртудың ең қысқа әрі төте жолы. Өнер арқылы Абай сөзін халыққа жеткізу – ұлы ойшылдың өсиетіне деген адалдық пен келешек ұрпақ алдындағы жауапкершіліктің көрінісі.

Автор: jsk.kz