• 05.05.2026 23:30

ШЫМКЕНТ ӘУЕЖАЙЫ: ЖОЛАУШЫЛАР АҒЫНЫ МЕН БАҒЫТТАР САНЫ АРТЫП КЕЛЕДІ

Автор:admin

Май 5, 2026

 

Шымкент халықаралық әуежайы базасында инфрақұрылымды жаңғырту жұмыстары кезең-кезеңімен жүзеге асырылуда. Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев тапсырмасына сәйкес, әуежайды бәсекеге қабілетті мультимодальды орталыққа айналдыру мақсатында жеке инвестор – «SCAT» әуе компаниясының қаражаты есебінен жаңа жолаушылар терминалы салынды. Нысан 2024 жылдың желтоқсан айында пайдалануға берілді.

Жаңа терминалдың іске қосылуы әуежайдың өткізу қабілетін айтарлықтай арттырды. Бұрын сағатына 200 жолаушыға қызмет көрсеткен нысан бүгінде 2000 жолаушыға дейін қабылдай алады. Бұл өз кезегінде жылына 10–12 миллион жолаушыға қызмет көрсетуге мүмкіндік береді.

Жолаушылар тасымалы да тұрақты өсім көрсетіп отыр. 2024 жылы әуежай арқылы 2 млн жолаушы тасымалданса, 2025 жылдың қорытындысында бұл көрсеткіш 2,5 млн адамға жетіп, 19,4%-ға артқан. Сонымен қатар, жүк тасымалы көлемі де ұлғайып, 2024 жылғы 1,6 мың тоннадан 2025 жылы 2,3 мың тоннаға жетіп, өсім 51,5%-ды құрады. Қазіргі таңда әуежай жүк тасымалы бойынша 9 компаниямен жұмыс жүргізуде.

Бүгінде Шымкент халықаралық әуежайы Қазақстандағы үшінші ірі әуежай саналады. Егер 2024 жылдың басында 10 халықаралық бағытқа қызмет көрсетілсе, қазіргі таңда олардың саны 18-ге жетті. Атап айтқанда, Стамбул, Мәскеу, Анталья, Дубай, Доха, Медина, Джидда, Шарм-эль-Шейх бағыттарына қосымша Мюнхен, Будапешт, Шанхай, Сиань, Кутаиси, Үрімші, Каир, Сеул, Бангкок, Красноярск бағыттары ашылған. Ішкі бағыттар да кеңейіп, 7-ден 12 бағытқа дейін ұлғайды.

Қазіргі уақытта әуежай 7 әуе компаниясымен жұмыс істейді. Сонымен қатар, әуежайдың транзиттік әлеуетін арттыру мақсатында жаңа ұшу-қону жолағының құрылысы жүргізілуде. Ұзындығы 3300×75 метр болатын бұл нысан халықаралық ІСАО-ның 3-санат талаптарына сәйкес келеді және әуе кемелерін шектеусіз қабылдауға мүмкіндік береді. Жобаның құжаттамасы 2025 жылғы 31 наурызда мемлекеттік сараптамадан өтіп, сол жылдың қазан айынан бастап құрылыс жұмыстары басталған.

Жалпы, Шымкент әуежайын дамыту бағытындағы бұл бастамалар өңірдің көлік-логистикалық әлеуетін арттырып, халықаралық байланыстарды кеңейтуге негіз болмақ.

Толығырақ: https://youtube.com/live/V2OBzCtWlbo?feature=share
#РСКШЫМКЕНТ #БРИФИНГ

Автор: admin