• 20 марта, 2026 6:52 пп

Шымкент қаласында Наурыз мейрамына орай кең ауқымды мәдени-көпшілік іс-шаралар өтеді

Автор:admin

Мар 20, 2026

2026 жылғы 21 наурыз күні Шымкент қаласында Ұлыстың ұлы күні – Наурыз мейрамына орай кең ауқымды мәдени-көпшілік іс-шаралар ұйымдастырылады. Мерекелік бағдарлама қала тұрғындары мен қонақтарына ұлттық дәстүр мен заманауи мәдениетті ұштастырған мазмұнды әрі әсерлі жобаларды ұсынады.

Негізгі мерекелік іс-шаралар қаладағы бірқатар ірі қоғамдық кеңістіктерде өтеді. Атап айтқанда, «Астана» алаңы, Әл-Фараби алаңы, Наурыз алаңы, Металлургтер саябағы, Наурыз саябағы, Алатау саябағы және Арбат демалыс аймағында бір мезетте халықтық серуендер ұйымдастырылады.
Мерекелік бағдарлама 21 наурыз күні сағат 11:00-де басталады. Келушілер назарына театрландырылған қойылымдар, концерттік бағдарламалар, ұлттық ойындар, робототехника көрмесі мен заманауи VR алаңшалары ұсынылады. Күндізгі концерттік бағдарламада жергілікті өнерпаздармен қатар, елімізге танымал эстрада жұлдыздары – «Азия» тобы, Жұбаныш Жексенұлы, Шаба Әденқұлова, Айдана Меденова өнер көрсетеді.
Кешкі сағат 19:00-де «Астана» алаңында гала-концерт өтеді. Сахнада жергілікті өнер жұлдыздары және арнайы шақырылған хедлайнерлер – TURAR мен Kalifarniya өнер көрсетеді. Мерекелік кеш эксклюзивті отшашумен қорытындыланады.
Наурыз мейрамына арналған іс-шаралар ұлттық мәдениетті дәріптеумен қатар, қала тұрғындарының бірлігін нығайтуға және көтеріңкі көңіл-күй сыйлауға бағытталған.
Қосымша ақпаратты ресми сайттан алуға болады: https://nauryzshymkent.onrender.com/

Қосымша ақпарат үшін: 8 778 332 96 24, Жәудір Нартайқызы

Автор: admin