• 2 ноября, 2024 2:49 пп

ШЫМКЕНТ: ТӨТЕНШЕЛІКТЕР ШОМЫЛУ МАУСЫМЫ ҚАРСАҢЫНДА АЛДАҒЫ ЖОСПАРЛАРЫН ПЫСЫҚТАДЫ

Автор:admin

Май 28, 2022

Қауіпсіздік адам өміріндегі ең маңызды фактордың бірі болып табылады. Осы орайда, аталмыш департамент өз құзыры аясында өңірдің су айдындарында ересектер мен балалар өліміне жол бермеу шараларын қамтамасыз етеді. Оқыс оқиғалардың алдын алу мақсатында Қазақстан Республикасы Ішкі істер министрлігі Төтенше жағдайлар жөніндегі комитетінің аумақтық бөлімше қызметкерлері халықпен жұмыстар жүргізуде. Олар азаматтарға су қоймаларында қауіпсіздік ережелерін сақтауға шақырып, жеке құтқару жабдықтары болған жағдайда ғана балық аулауға кеңес беруде. Айта кету керек, Қазақстанда шомылу, демалу және балық аулауға болатын 50 мыңнан астам су қоймасы бар. Көбіне суға кету оқиғалары адамдардың балық аулау немесе басқа да жағдай кезінде қауіпсіздік ережелерді сақтамауынан болып жатады. Жаз бойы мегаполис аумағында «Қауіпсіз жаз» атты кең ауқымды насихаттау акциясы өткізіледі. Осыған орай Шымкент қаласы ТЖ департаменті Азаматтық қорғаныс басқармасы қызметкерлерінің қатысуымен арнайы іс-шара ұйымдастырды. ТЖ қызметкерлері акция аясында шомылуға тыйым салынған жерлерді бақылауына алады.  Шаһарда шомылуға арналған ресми орындар белгіленіп қойды. Ол Қошқар ата өзенінің сағасы, Тоғыс су қоймасындағы «Тоңазытқыш» демалыс аймағы және Бадам су қоймасындағы «Рахат-Бадам» демалыс аймағы. Жаз бойы мобильді топтар суға түсуге болмайтын орындарды аралап, тұрғындар арасында түсіндіру жұмыстарын жүргізеді. Сондай-ақ жадынамалар таратады. Акцияға полиция департаментінің өкілдері, «Лидер.кз» еріктілері, жедел-құтқару жасағының өрт сөндіру бөлімдерінің қызметкерлері мен құтқарушылар, сондай-ақ апаттар медицинасы орталығы филиалының мамандары да жұмылдырылады.  Іс-шараның алғашқы күні мобильді топтар Қаратау ауданындағы қараусыз қалған карьер, Қошқар ата өзені, Бадам және Сайрамсу өзендерінің бойындағы жабдықталмаған учаскелерді шолып шықпақ. Өз кезегінде қала аумағында шомылуға тыйым салынған 13 учаске анықталып отыр. ТЖ департаментінің дерегінше екі айда 4 жазатайым оқиға орын алып, 1 ересек адам мен кәмелетке толмаған 3 бала суға батып кеткен. Су айдындарында адамдардың қайтыс болуына жол бермеу мақсатында азаматтық қорғау органдарының қызметкерлері алдын алу жұмыстарын жүргізеді. Осылайша, халық арасында 323 мыңнан астам үгіт-насихат өнімі (буклеттер, парақшалар) таратылды, Халықпен 2 мыңға жуық жиын өткізілді. Профилактикалық жұмысқа 5600-ге жуық волонтер де тартылды.  Шомылу маусымында департаменттің 55 құтқарушысы қауіпсіздікті қамтамасыз ететін болады.

Jsk ақпарат

Автор: admin