Қоғамның бет-бейнесі саналатын полиция қызметкері кәсіби жолда ұқыпсыздыққа, немқұрайдылыққа бой алдырмағаны жөн. Оның мінез-құлқынан, жанашырлық пен азаматтықтың исі аңқып тұруы керек-ақ. Шымкент қаласы полиция департаментінде жеке құраммен саптық байқау өткізілді. Іс-шараға департамент басшылығы мен барлық жеке құрам қатысты. Департамент бастығының орынбасары полиция полковнигі Мәулен Ахметов формалық киімді, жетондар мен төсбелгілердің болуын, қызметтік куәліктердің сәйкестігін, сондай-ақ қызметкерлердің саптық даярлығы мен сыртқы келбетін тексерді. «Мұндай саптық байқаулар полицейлердің саптық мәдениетін арттырып, тәртіп пен жинақылықты нығайтуға ықпал етеді. Тәртіп сақшысының ұқыпты сыртқы келбеті азаматтардың сенімін қалыптастырып, полиция органдарының беделін көтеруге мүмкіндік береді», — деді Мәулен Ахметов. Қызметкердің сыртқы келбеті – оның ішкі тәртібі мен кәсіби біліктілігінің көрінісі. Саптық байқау салтанатты шерумен аяқталды. Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Қазақстан халқына Жолдауында заң және құқық саласын реформалаудың бірнеше жолын ұсына келіп, полиция, прокуратура мен сот қызметін жіктеп берген болатын. Әсіресе азаматтардың қауіпсіздігі мен құқығы бірінші орында тұруға тиіс екенін баса айтты. Президент өз сөзінде: «Құқық қорғау жүйесінің жұмысында ескіліктің сарыны жойылмағандықтан, тек айыптау жағы басым. Азаматтардың негізсіз қылмыстық қудалауға түскен кездері болды. Қылмысты анықтаған жедел уәкіл мен процессуалды шешім шығаратын тергеуші бір басшыға бағынады. Ал оған қылмысты жылдам ашып, сотқа жіберу маңызды. Алайда көрсеткіш қуамыз деп азаматтардың құқығын таптап, бостандығын шектемеу керек» деген болатын. Бірер күн бұрын ішкі істер саласының қызметкерлері үшін ақжолтай жаңалық жарияланды. Президент тапсырмасына сәйкес өңірлерде жергілікті полиция қызметі мен қоғамдық қауіпсіздікті қамтамасыз ету бойынша учаскелік инспекторлардың жұмысын жандандыру мәселесіне айрықша мән беріліп отыр. От пен оқтың ортасында жүрген азаматтардың өміріне төнетін қауіп те көп. Ауыр желдің өтінде арманынан алыстап қалғандар қаншама. Тұтас ел аумағын айтпағанның өзінде, полицияның жұмыс кестесі аз емес, тәртіп сақшыларының беделін көтеріп, жұмысын жүйелі орындауы, бұл қоғамның мамандыққа деген құрметін арттыратыны сөзсіз.
Jsk ақпараттық агенттігі
