• 27 июля, 2024 3:05 пп

Шымкент осы 5 жылдың ішінде бизнес жүргізуге жайлы қалаға айналды деп сеніммен айта аламыз.

Автор:admin

Июн 19, 2023

Ресми деректерге сүйенсек, қалада белсенді жұмыс істеп тұрған бизнес нысандарының саны 5 жылда 2 еседен астам көбейді. 2018 жылы Шымкентте 58 мың кәсіпкерлік нысаны болса, бүгінде олардың саны 124 700-ге жетті. Шағын және орта бизнес саласында 200 мыңға жуық шымкенттік жұмыспен қамтылған. Бұл сектордың жалпы өңірлік өнімдегі үлесі 30 пайыздан, 41 пайызға дейін артты. Ал, бұл салада өндірілген өнім мен көрсетілген қызметтердің жиынтық құны 2018 жылы 840 млрд. теңгені құраса, бүгінде бұл көрсеткіш 1,9 трлн. теңгеге дейін өскен.

Шымкентте кәсіпкерлерді қолдауға арналған мемлекеттік бағдарламадан бөлек жергілікті «Іскер қала» бағдарламасы да іске асырылуда. Бұл бағдарлама аясында биыл 1,4 млрд. теңге бөлініп, жыл басынан 153 жобаға 412,1 млн. теңгеге қолдау көрсетілген. Бұл ретте жастар мен әйелдер кәсіпкерлігін қолдау үшін оларға жылына 1 пайыздық мөлшермен 10 млн. теңгеге дейін жеңілдетілген несиелер беріліп жатыр. Одан басқа бағдарлама аясында кәсіпкерлерге өндіріске бағытталған жеңілдетілген несиелер де беру қарастырылған. Атап айтқанда, кемінде 3 жылдан бері жұмыс істеп тұрған кәсіпорындардың өндірісті кеңейту немесе айналым қаражатын толықтыру мақсатында жылына 2 пайыздық мөлшерменен 50 млн. теңгеге дейін несиелер алуына болады.

Сондай-ақ, аталған бағдарлама аясында өнеркәсіптік парктер құрылып жатыр. Яғни, жеке инвестор инфрақұрылым желілері жүргізілген дайын өндірістік ғимараттарды ұсынады. Ал, шағын және орта кәсіпкерлер сол жерден дайын ғимараттарды жалға алып, өз жұмысын бастап кетеді. Ал, мемлекет үш жыл ішінде жергілікті бюджет қаражаты есебінен шағын кәсіпорындардың жалдау ақысының шығындарын өтейді. Нақты айтар болсақ, 1-ші жылы өндірістік ғимаратты жалдау ақысының – 75 пайызын, 2-ші жылы – 50 пайызын, ал, 3-ші жылы 25 пайызын субсидиялау көзделген.

Қорыта айтқанда, осыдан 5 жыл бұрын қабылданған Шымкентке республикалық маңызға ие қала мәртебесін беру жөніндегі тарихи шешім өзін-өзі ақтады деп сеніммен айта аламыз. Бұл шешім шаһар экономикасының дамуына, кәсіпкерлік пен өнеркәсіптің қанатын кеңге жаюына ықпал етті. Ал, бұл өз кезегінде қалада жұмыссыздықтың азаюына, халықтың табысы артып, өмір сүру сапасының артуына ықпал етіп жатқаны анық.

Jsk ақпарат

Автор: admin