• 14 января, 2026 11:37 дп

ШЫМКЕНТ: ЖОЛ ҚАУІПСІЗДІГІ МЕН ҚОЗҒАЛЫС ТИІМДІЛІГІН АРТТЫРУ БАСТЫ НАЗАРДА

Автор:admin

Янв 14, 2026

Шымкент қаласында 2024–2025 жылдары жол қауіпсіздігін қамтамасыз ету және көлік қозғалысын тиімді ұйымдастыру бағытында кешенді жұмыстар атқарылуда. Нәтижесінде қала көшелерінің қауіпсіздігі мен қолайлылығы едәуір артты.

Күтіп ұстау жұмыстары аясында 2024–2025 жылдары 6 714 көшенің 4 686-сы жарықтандырылып, қала көшелері 100 пайыз жарықпен қамтылды. Айта кету керек, 2023 жылға дейін бұл көрсеткіш небәрі 30 пайызды (2 028 көше) құраған болатын. Бұл – қала тұрғындарының қауіпсіз жүріп-тұруына жасалған маңызды қадам.
Жаяу жүргіншілер қауіпсіздігін арттыру мақсатында 2024 жылы 50 жаяу жүргіншілер өткелі, ал 2025 жылы 201 жаяу жүргіншілер өткелі жарықтандырылды. Сонымен қатар, 1 000 шақырым жол таңбалары сызылып, 3 шақырым дыбысты жолақтар орнатылды.
Көлік кептелісін азайту және қозғалысты оңтайландыру бағытында 2024 жылы 246 бағдаршам интеллектуалды көлік жүйесіне (ITS) қосылды. Ағымдағы жылы қосымша 98 бағдаршам осы жүйеге енгізіліп, 32 жаңа бағдаршам нысаны орнатылды. Қазіргі таңда қала аумағындағы 393 бағдаршамның 344-і ITS жүйесіне қосылған, бұл қамту деңгейін 87 пайызға жеткізді.
Сондай-ақ, 2016 жылдан бері жаңартылмаған тоқтаусыз қуат беретін батареяларды жаңғырту жұмыстары қолға алынып, биыл 24 нысанда қайта жаңартылып, 72 бағдаршамға жаңадан орнатылды. Нәтижесінде 96 бағдаршам нысаны үздіксіз қуат көздерімен қамтамасыз етілді.
Қала көшелеріндегі кептелістердің алдын алу мақсатында ағымдағы жылы 3 оң жақ өткел бұрылысы салынды. Сонымен қатар, 6 магистралдық көшеде қозғалыс тығыздығы жоғары учаскелерде қосымша жолақтар қосылды. Аталған оң жақ өткелдер Кеңжарық – М. Шоқай көшелерінің қиылысында, Тұран-2 шағын ауданындағы Таңбалы тас көшесінде және Гагарин көшесі – Республика даңғылында орналасқан.
Жүргізіліп жатқан жұмыстар жол қозғалысы қауіпсіздігін арттыруға, көлік ағынын тиімді басқаруға және қала тұрғындары үшін қолайлы әрі қауіпсіз орта қалыптастыруға бағытталған. Бұл бағыттағы жұмыстар алдағы уақытта да кезең-кезеңімен жалғасын табады.

Автор: admin