• 20 апреля, 2024 6:52 дп

Шымкенттің индустриалды аймақтарына инвестиция тарту көзделуде!

Автор:admin

Май 8, 2023

Шымкент Қазақстанның үшінші шаһары. Экономикалық өсім бойынша машина жасау саласында трансформаторлар өндіретін «Asia Trafo» жауапкершілігі шектеулі серіктестігінің жаңа зауыты 2019 жылы іске қосылған. Зауытта Швейцария мен Германияның озық еуропалық заманауи технологиялық жабдықтары орнатылған. Өндірісті басқару жүйесі толығымен  автоматтандырылған. Компанияның өнімдері барлық еуропалық стандарттарға сәйкес келеді. Өндірілген өнімдердің 60 пайызы ішкі, ал, 40 пайызы сыртқы нарыққа шығарылады екен. Мұнан бөлек Шымкент қаласында 2016 жылы «Тассай» индустриалды аймағы ашылған. Оның аумағы 89 гектарды құрайды. Шымкент қалалық кәсіпкерлік және индустриалды-инновациялық даму басқармасының мәліметі бойынша, бес жылдың ішінде бұл аймаққа да 28 миллиард 100 миллион теңге инвестиция тартылып, 18 кәсіпорын ашылған. Бұл кәсіпорындарда 1 мың тұрақты жұмыс орны құрылды. Қазіргі таңда тағы 16 кәсіпорынның құрылысы жүріп жатыр. Оған 11 миллиард 700 миллион теңге инвестиция тартылады деп жоспарланып отыр. Жыл соңына дейін осы кәсіпорындардың тағы 2-еуі іске қосылып жаңадан 70 жұмыс орны ашылмақ. «Тассай» индустриалды аймағында орналасқан кәсіпорындардың бірі –  «Nurtau distribution company» кондитерлік фабрикасы. Компания директорының орынбасары Ұлжалғас Бегайдарованың айтуынша, фабрика тәулігіне 3 тонна кәмпит пен 3 тонна сағыз өндіреді екен.

— Біздің кәсіпорында екі ауысыммен 200 адам жұмыс істейді. Кәмпиттің 20 түрін, ал, сағыздың 25 түрін өндіреміз. Күніне 6 тонна өнім өндіреміз. Біздің өнімдер экологиялық тұрғыда таза, оның құрамында адам ағзасына зиян келтіретін ешқандай қоспалар жоқ. Сондықтан өнімдерімізге сұраныс өте жоғары, — дейді Ұлжалғас Ескендірқызы.

— Индустриалды аймақта инвесторлар үшін барынша қолайлы жағдай жасалған. Кәсіпкерлерге мемлекеттік қолдау көрсету бағытында «Бизнестің жол картасы – 2025», «Қарапайым заттар экономикасы» және «Еңбек» нәтижелі жұмыспен қамту бағдарламалары табысты іске асып келеді. Бұл қала экономикасының дамуына үлес қосып, халықты жұмыспен қамтуға, тұрмысын жақсартуға мүмкіндік береді. «Тассай» индустриалды аймағындағы заманауи кәсіпорындардың тағы бірі — «Болашақ – 7» жауапкершілігі шектеулі серіктестігінің түрлі сусындар шығаратын зауыты. Жалпы аумағы 2 гектарды алып жатқан бұл кәсіпорынға 1 миллиард 30 миллион теңге инвестиция құйылған. Компания басшысы Нұрлан Омаровтың айтуынша, мұнда жылына 34 миллион бөтелке сусын құйылады. Оның ішінде минералды ауыз су, газдалған және энергетикалық сусындар бар. Ал,  «AZALA Textile» компаниясының мата-тоқыма фабрикасы жылына 2 800 тонна жіп пен 14 миллион метр мата өнімдерін өндіреді. Бұл фабрика — отандық жеңіл өнеркәсіптің көшбасшыларының бірі. Жоғары сапалы өнім шығаратын компания өз тауарларын Латвия, Литва, Германия, Италия, Польша және ТМД-ның бірқатар елдеріне экспорттайды.

Jsk ақпарат

Автор: admin