• Вт. Авг 9th, 2022

ШЫМКЕНТТІК АРДАГЕРЛЕР ТӘРБИЕ ЖҰМЫСЫНА ҮЛЕС ҚОСПАҚ

Автор:admin

Июн 5, 2022
Spread the love

Президент Қасым–Жомарт Кемелұлының «Жаңа Қазақстан: жаңару мен жаңғыру жолы» атты жолдауы сындарлы тұста шындық пен ақиқаттың ара-жігін аша отырып, өткенге сын көзбен қарай жасалған. Оны қоғам мен мемлекет өмірінің сан саласын қамтыған, әбден таразыланған салмақты әрі тарихи мәні зор құжат деуге болады. Мемлекет басшысы жолдаудың алғы сөзінде бұл құжаттың мән-маңызы ерекше екенін әрі одан туындайтын міндет-тапсырмалардың ұзақ мерзімді қамтитынын да баса айтып өтті. Жолдау еліміздің тарихи құндылықтары мен осы кезеңнің күрделі тұстарын қабыстыра отырып қабылданған шешімдерге толы. Әсіресе «Қағаз бетінде ғана жүзеге асырылған, бірақ шындыққа еш жанаспайтын жалған табыстарға масаттанып отыратын заман келмеске кетті. Халыққа көпірме сөз, бос уәде емес, көзбен көріп, қолмен ұстауға болатын оң өзгерістер керек» деген сөздері үлкен серпін береді, Қоғамның дамуы қарияларымызға көрсетілетін қамқорлықпен байқалады. Дүниені дүр сілкіндірген соғыс жер бетінде орасан дақ, халықта жарасы жазылмайтын қайғы болып қалғаны ақиқат.Тылда жанкешті еңбек етіп, жеңіс күнін жақындатқан аналарымыз бен балаларын үлгі тұтуымыз керек.   Сұрапыл соғыс кезінде қыздар да қызу майданда от кешті. Ардагерлер, соғысқа қатысқан жауынгерлер, батыр қыздар, тылда еңбек еткен апаларымыз  фашизмге қарсы қайтпас қайсарлықпен күресе білді және жеңді.Жарқын күндерді жақындатқан ардагерлерді бүгінгі ұрпақ ұмытпауы керек деп ойлаймын. Өйткені солардың өшпес ерліктері біздің азат елдің ұрпағы болып қалуымызға мүмкіндік берді. Сол себепті де майдангерлер туралы айтылған естеліктерді тыңдай жүріп, оларға әрқашан тағзым ету, құрметтеу — біздің парызымыз. Германиядағы Кеңес әскерлері тобының ардагерлері Шымкентте бас қосты. Олар Германиямен қоса Польшада әскери борышын өтеген. Ардагерлер Даңқ мемориалына гүл шоқтарын қойып, кешенмен танысты, өзара әңгіме-дүкен құрды.

– Біз Варшава келісімі және Германиядағы Кеңес әскерлері тобының ардагерлеріміз. Екінші дүниежүзілік соғыс аяқталған соң Батыс елдерінде әскери борышымызды өтедік. Бас қосудағы мақсатымыз – Ұлы Отан соғысындағы батыр аталарымыздың рухын ардақтау. Өскелең ұрпаққа Отансүйгіштік тәрбие беру. Осы бағытта мектептерде, жоғарғы оқу орындарында тиісті тәрбие жұмыстарын атқарып келеміз. Ал бүгін Шымкент қалалық және Түркістан облыстық ардагерлер ұйымының мүшелері жаппай танысып, пікір алмасуға келдік, – дейді Варшава келісімі және Германиядағы Кеңес әскерлері тобы ардагерлерінің Шымкент қалалық қоғамдық бірлестігінің төрағасы Үсенбатыр Арзықұлов. Ардагерлердің айтуынша, қоғамдық ұйымның құрылғанына 8 ай болды. Алдағы уақытта жыл сайын 9 маусым күні бас қосып, даталы күнді атап өтпек. 1945 жылы 9 маусым күні маршал Жуковтың бұйрығымен Германия жеріндегі Кеңес әскерінің тобы құрылған.

 

Jsk ақпарат