• 30 декабря, 2025 1:46 пп

ШЫМКЕНТТЕ 27 МЫҢНАН АСТАМ ЖАҢА ЖҰМЫС ОРНЫ ҚҰРЫЛДЫ

Автор:admin

Дек 30, 2025

 

Шымкент қаласында 2025 жылы жұмыспен қамту шаралары жоспардан асыра орындалды. Жыл басында 49 655 адамды жұмыспен қамту көзделсе, нақтысында 53 411 тұрғынға қолдау көрсетілді. Соның нәтижесінде қаладағы жалпы жұмыссыздық деңгейі 4,7 пайызға, ал жастар арасындағы жұмыссыздық 2,9 пайызға дейін төмендеді. Бұл туралы Өңірлік коммуникациялар қызметі алаңында Жұмыспен қамту және әлеуметтік қорғау басқармасының басшысы Жанат Өтебаева айтты.

Осы жылдың 11 айдың қорытындысы бойынша субсидияланатын жұмыс орындарына 5 403 адам жолданып, бос жұмыс орындарына 12 555 тұрғын орналастырылды. Кәсіптік оқуға 760 адам, онлайн платформалар арқылы 3 657 адам, ваучерлік оқуға 128 тұрғын жіберілді. Жалпы алғанда, жұмыспен қамту бағытында 25 630 адамға мемлекеттік қолдау көрсетілді.

Қалада жаңа жұмыс орындарының ашылуы да қарқынды жүріп жатыр. Жоспарланған 21 830 тұрақты жұмыс орнының орнына 27 781 адам жұмыспен қамтылып, жоспар 127 пайызға орындалды.

Мемлекет басшысының 2025 жылды Жұмысшы мамандықтары жылы деп жариялауына байланысты қалада жұмыспен қамтуға бағытталған 76 іс-шара өткізілді. Оның ішінде 4 ауқымды бос жұмыс орындары жәрмеңкесі, 2 ашық есік күні, 3 квота бойынша жәрмеңке және шалғай елді мекендерде апта сайын ұйымдастырылған 67 жәрмеңке бар. Бұл шараларға 400-ден астам жұмыс беруші қатысып, 4500-ге жуық тұрғын қамтылды. Нәтижесінде 711 адам тұрақты жұмысқа, 291 адам субсидияланатын жұмыс орындарына жолданды. Сонымен қатар 1000-нан астам тұрғынға солтүстік өңірлерге ерікті қоныс аудару бағдарламасы түсіндірілді. Бағдарлама аясында 162 отбасы, яғни 668 адам жұмыс күші тапшы өңірлерге көшті.

Автор: admin