«Таза Қазақстан — жастар таңдауы» сайсында студенттер белсенділік танытты. Шаһарда бүгінде экосананы қалыптастыру бағытында жоспарлы іс-шаралар ұдайы өткізілуде. Мектептер мен жоғары оқу орындарында, колледждерде арнайы экологиялық семинар, тренингтер, ашық сабақтар, эко экскурсиялар тұрақты түрде өтіп жатыр. Бүгінгі таңда елімізде қолға алынып, жалпыұлттық сипат алған масштабты экологиялық бағыттағы бағдарламалардың бірі – «Таза Қазақстан» жобасы. Бұл бастама тек көшелер мен аулаларды тазарту науқаны ғана емес, қоғамда, әсіресе өскелең ұрпақтың санасында жаңа экологиялық мәдениетті қалыптастыратын стратегиялық қадамға айналды. Осы орайда, ел болашағы үшін жауапты жас буын бұл науқанын толық қолдап, «Таза Қазақстан – жастар таңдауы» ұстанымын өздерінің басты өмірлік қағидасына айналдырып отыр. Мемлекет тарапынан қоршаған ортаны қорғау, «жасыл экономиканы» дамыту және табиғи ресурстарды үнемді пайдалану бағытында жүйелі реформалар жүзеге асырылуда. Осы мемлекеттік саясаттың негізгі өзегін құрайтын «Таза Қазақстан» бағдарламасы өңірлерде қарқынды жүзеге асуда. Шымкент қаласы бастаған мегаполистерде жастар ресурстық орталықтарының еріктілері, студенттер мен белсенді оқушылар мемлекеттік бастаманың алдыңғы сапында жүр. Олар әр апта сайын бекітілген тақырыптық бағыттар бойынша арнайы акциялар ұйымдастырып, нақты істерімен көзге түсуде. Осы орайда, М.Өтебаев атындағы жоғары жаңа технологиялар колледжінде «Таза Қазақстан — жастар таңдауы» тақырыбында дебат сайысы ұйымдастырылып, оқу орнының “Шамшырақ” дебат клубының өкілдері қоршаған ортаны қорғау тақырыбында сайысқа түсті. Бүгінгі іс-шара жастарды тазалыққа үйрету, экологиялық мәдениетті қалыптастыру, қаланың тазалығына назар аударуды көздейді. Ойын барысында қатысушылар қос тарапқа бөлінді. Студенттер мектеп бағдарламасына экологиялық сабақ енгізу керек пе деген тақырыпта сайысқа түсті. Тазалық мәселесінде бір топ бұл ұсынысты қолдаса, екінші тарап қоғамда экологиялық іс-шараламен бұл мәселені шешу қажет деген пікірді алға тартты. Құқықтану мамандығының студенті Батырбек Ержанұлы көшеде жүргенде тазалықты сақтау, қоқыс тастамау, көптеген экологиялық іс-шаралар өткізу арқылы қоғамда экосананы қалыптастыруға болатынын айтады.Қоғамда экологиялық сауаттылықты арттырудың маңызы зор. Тарих пәнінің мұғалімі, дебат клубының жетекшісі Ернар Мырзабайұлының айтуынша, дебат клубының белсенділері қалалық, республикалық жарыстарда жүлдегер атанып жүр. Студенттер “Таза Қазақстан” экологиялық акциясы аясындағы білім сайысына белсене қатысып, таным көкжиектерін кеңейтті.
Jsk ақпараттық агенттігі
