Бүгін елімізде Құрылтай сайлауы басталды. Шымкент қаласындағы барлық сайлау учаскелері сағат 07:00-де өз жұмысын бастап, азаматтарды дауыс беруге қабылдауда. Таңғы уақыттан бастап сайлау учаскелеріне тұрғындар келе бастады. Азаматтардың өз таңдауын жасауға асығып, саяси науқанға белсенді қатысуы – елдің қоғамдық-саяси өміріне деген жауапкершіліктің жоғары екенін көрсетеді.
Шымкент қаласында 713 491 сайлаушы тіркелген. Оның ішінде Абай ауданында – 191 725, Әл-Фараби ауданында – 121 400, Еңбекші ауданында – 113 027, Қаратау ауданында – 154 774, Тұран ауданында – 132 565 сайлаушы бар.
Сайлауды ұйымдастыруға қала бойынша 365 сайлау комиссиясы қатысуда. Оның 6-ы – аумақтық, 365-і – учаскелік сайлау комиссиясы. Учаскелердің 24-і жабық нысандарда, оның ішінде медициналық ұйымдарда, тергеу изоляторларында, қарттар үйлері мен әскери бөлімдерде орналасқан.
Сайлау комиссияларының құрамында барлығы 2 881 мүше жұмыс істеп жатыр. Оның 2 149-ы саяси партиялардан, 732-сі қоғамдық ұйымдардан ұсынылған.
Биыл 10 632 азамат алғаш рет өздерінің конституциялық дауыс беру құқығын пайдалануға мүмкіндік алды. Шымкентте жасы 100-ден асқан 17 сайлаушы тіркелген.
Сайлау барысын халықаралық деңгейде бақылау жұмыстары да жүргізілуде. ЕҚЫҰ/ДИАҚБ сайлауды бақылау жөніндегі миссиясының халықаралық байқаушылары сайлау чуаскелерінде бой көрсетті. Халықаралық байқаушылар өздерін қызықтырған сұрақтарын қойып, сайлау процесінің ұйымдастырылуына қатысты ақпарат алды.
Шымкент тұрғындары сайлау учаскелеріне келіп, өз таңдауын жасауда белсенділік танытуда.
