Шымкент қаласы қазіргі кезде сағатына 180 мың текше метр табиғи газ тұтынады. Бірақ ол аз. Мегополистің күндік сұранысы сағатына 250 мың текше метрден асады. Осы тапшылықты жою үшін үшінші автоматтандырылған газ тарату стансасының құрылысы жүргізіліп жатыр.
Бүгін ҚР Парламенті Мәжіліснің депутаты, «Nur Otan» партиясы фракциясының мүшесі Фахриддин Әбдінәбиұлы Қаратаев №3 автоматты газ тарату стансасында болып, оның жұмысымен танысты.
Мегополистегі көгілдір отынның жеткілікті болуы осы стансаның іске қосылуына байланысты болып отыр. Сол себепті де бұл нысанның құрылысы «Өзгерістер жолы: Әр азаматқа лайықты өмір!» атты Шымкент қалалық филиалының 2021 – 2025 жылдарға арналған сайлауалды бағдарламасына енген.
Шымкент қаласының экономикасы өркендеп, өндіріс кәсіпорындары көбейіп, тұрғындарының қатары өсіп келе жатқан мегополис. Сондықтан, көгілдір отынға деген де сұраныс жыл санап артып келеді. №3 автоматты газ тарату стансасы Бейнеу-Бозой-Қызылорда арқылы келетін магистральды құбырдан қалаға сағатына 250 мың текше метр көгілдір отын беретін болады. Бұл – мегополистің экологиялық жағдайының жақсаруына, өзімізде электр энергиясын көбірек өндіруге ықпал етеді. Егер көгілдір отын жеткілікті болса қаладағы шағын және орта бизнестің дамитыны да сөзсіз.
Мәжіліс депутаты №3 автоматты газ тарату стансасын көктемнен кешіктірмей іске қосу үшін керекті жағдайдың барлығын жасау қажет екенін айтты.
Jsk ақпарат