Шымкентте күзгі әскерге шақыру науқаны басталды. 1 қыркүйектен бері 18 бен 27 жас аралығындағы азаматтар тұрғылықты жері бойынша жергілікті әскери басқару органдарында медициналық тексеруден, психологиялық тестілеуден және жеке әңгімелесуден өтуде. Биыл күзгі науқан аясында қаладан 1300-ден астам ер азаматты әскери қызметке жіберу жоспарланған.
Бұл туралы Өңірлік коммуникациялар қызметінің ақпарат алаңында Шымкент қаласы Қорғаныс істері жөніндегі департаментінің өкілдері мәлімдеді. Әскерге шақыру алдымен Қазақстан Республикасы Ұлттық қауіпсіздік комитетінің Шекара қызметі, Ішкі істер министрлігінің Ұлттық ұланы және Мемлекеттік күзет қызметінің бөлімшелерін жасақтаудан басталады. Кейін Қарулы күштер мен Төтенше жағдайлар министрлігінің әскери бөлімдері толықтырылады.
Қазірдің өзінде Шымкенттен 160-қа жуық азамат Шекара қызметінің бөлімшелеріне, тағы 160-қа жуық жас Ұлттық ұланның әскери бөлімдеріне жіберілді. Олардың барлығы шақыру комиссиясынан өтіп, әскери қызметке жарамды деп танылған. Қорғаныс істері жөніндегі департаменті өкілдерінің айтуынша, азаматтарды әскери қызмет түрлеріне бөлу медициналық тексеру нәтижесі, кәсіптік-психологиялық іріктеу, денсаулық жағдайы мен дайындық деңгейіне қарай жүргізіледі. Әскери қызмет өткерген жастарға бірқатар әлеуметтік және білім беру бағытындағы жеңілдіктер қарастырылған. Олардың қатарында 14 айға кредиттік демалыс беру, ҰБТ тапсырмай-ақ жоғары оқу орындарына түсу мүмкіндігі және жұмысшы мамандықтары бойынша мемлекеттік үлгідегі куәлік алу мүмкіндігі бар.
Брифингте көктемгі әскерге шақырудың қорытындысы да айтылды. Оның нәтижесінде Шымкенттен Қарулы күштерге, басқа да әскерлер мен әскери құралымдарға 1200-ге жуық азамат жіберілген. Күзгі шақыру науқаны 31 желтоқсанға дейін жалғасады. Шақыру қағаздары азаматтарға тұрғылықты немесе жұмыс орны бойынша жеткізіледі. Сонымен қатар 1414 сервисі арқылы SMS-хабарлама жолданады. Әскери қызметтен кейінге қалдыру немесе босату заңнамада белгіленген негіздер бойынша жергілікті атқарушы органдар арқылы немесе электрондық үкімет порталы арқылы рәсімделеді. Қазіргі таңда кейінге қалдыруды ұсыну процесі автоматтандырылған. Студенттер туралы мәліметтер тиісті министрліктердің ақпараттық базаларынан Қорғаныс министрлігінің жүйесіне тікелей беріледі. Ал шетелде білім алып жатқан азаматтар электрондық үкімет порталы арқылы студент ретінде тіркеле алады.
Толығырақ: https://www.youtube.com/live/dw_nG2mLjGs?si=G49C3Cr8VMXPuU-9
#РСКШЫМКЕНТ #БРИФИНГ
