• Пн. Окт 19th, 2026

ШЫМКЕНТТЕ ЖҮРЕКТЕРДІ КІТАППЕН ЖАЛҒАҒАН «КІТАП ТҮНІ» ФЕСТИВАЛІ ӨТТІ

Автор:jsk.kz

Окт 19, 2026

 

Кітап – адам баласының ғасырлар бойы жинаған асыл қазынасы мен рухани азығы. Бүгінгі ақпараттық технология қарыштап дамыған заманда жастардың кітапқа деген қызығушылығын оятып, оқырмандар қауымдастығын қалыптастыру – қоғам алдында тұрған басты міндеттердің бірі. Осы орайда, Шымкент қаласында рухани-мәдени өмірдің жарқын көрінісіне айналған айрықша шара ұйымдастырылды.

Қала кітапханаларында өткен он түрлі кітап талқылауының қорытындысы ретінде №2 Оқушылар сарайында «Кітап түні» фестивалі өтті. Руханиятты ұлықтаған шарада қазақ поэзиясының көрнекті өкілі  Төлеген Айбергеновтің шығармашылығы талқыланып, Фариза Оңғарсынованың өлеңдері оқылды. Қатысушылар сырлы жырлар арқылы ұлттық поэзияның тереңдігіне бойлап, әдебиет пен өнер тоғысқан кештен ерекше әсер алды.

Мемлекет тарапынан жастардың рухани дамуына, кітап оқу мәдениетін насихаттауға жүйелі түрде көңіл бөлініп келеді. Қалалық Жастар саясаты басқармасының басшысы Әкімжан Әбдіәкімов бұл бастаманың маңызына тоқтала келе: «Бүгінгі өткізіліп отырған шара – Мемлекет басшысының оқырмандар қатарын қалыптастыру жөніндегі тапсырмаларын жүзеге асырудың маңызды қадамы. Бұл басқосу жастардың кітапқа деген құштарлығын арттырып қана қоймай, ұлттық құндылықтарды ұлықтайды», – деп атап өтті.

Аталмыш фестивалге қатысқан жастар мен оқырман қауым әдебиет төңірегінде ой бөлісіп, өз әсерлерімен бөлісті. Шара барысында би биленіп, ән шырқалып, нағыз өнер мен кітап сүйер қауымның басын қосқан орта қалыптасты.Осындай мазмұнды кездесулер мен мемлекеттік қолдаулардың арқасында қоғамдағы кейбір жаңсақ пікірлердің негізсіз екені көрінеді. «Серпіліс» қоғамдық қорының төрайымы Бейсенкүл Нарымбетова жастардың кітап оқымайды деген көзқарасқа қарсы екенін жеткізіп: «Мен жалпы кітап оқымайды дегенге қарсы адаммын. Өйткені мемлекетіміз оқитын ұлтты қалыптастыру жолында тұрақты түрде жүйелі жұмыс істеп келеді. Жастар кітап оқымайды деген – қате пікір, шын мәнінде оқитын жастар бар, тек оларға тиісті орта қажет», – деді.

Фестиваль соңында белсенділік танытқан қатысушылар мен оқырман клубтары марапатталып, Жастар саясаты басқармасының Алғыс хатына ие болды. Сонымен қатар үздік кітап оқушылар клубына 50 мың теңгелік сертификат табысталды.

Ұйымдастырушылар алдағы уақытта да жастардың кітап оқуға деген қызығушылығын арттыру мақсатында мұндай рухани кездесулердің жалғасатынын жеткізді.

Автор: jsk.kz