Шымкент қаласы Полиция департаментінде «Заң мен Тәртіп» қағидаты аясында «Жас сақшы» сыныптарының жұмысы мен жасөспірімдердің құқықтық тәрбиесін жетілдіру мәселелері бойынша кеңейтілген жиын өтті.
Іс-шараға әр ауданнан «Жас мамандар» мен тәлімгерлер, сондай-ақ мектеп директорлары мен педагогтар қатысты. Кездесу барысында оқушыларды құқық қорғау саласына бейімдеу, олардың тәртіпке, жауапкершілікке және құқықтық мәдениетке деген көзқарасын қалыптастыру бағытындағы жұмыстар жан-жақты қаралды.
Бүгінде қалада «Жас сақшы» жобасы аясында 8 сынып жұмыс істеп, 200-ге жуық оқушы қамтылған. Олар полиция департаменті ұйымдастыратын түрлі іс-шараларға белсенді қатысып, құқықтық білімдерін тәжірибе жүзінде шыңдауда.
Сонымен қатар, оқушылар үшін танымдық экскурсиялар ұйымдастырылып, олар ішкі істер органдарының қызметімен, тарихымен және Жедел басқару орталығының жұмысымен танысуда.
Кездесу барысында мұндай бастамалардың жасөспірімдер арасында құқықтық сауаттылықты арттырып қана қоймай, тәртіптілік, жауапкершілік және отансүйгіштік қасиеттерді қалыптастыруда маңызды рөл атқаратыны атап өтілді.
Айта кету керек, Қазақстан Республикасы Ішкі істер министрлігінің бастамасымен 2026 жыл «Балалар жылы» және «Қауіпсіз балалық шақ» жылы деп жарияланып, балалардың қауіпсіздігі мен құқықтарын қорғау басты назарға алынған.
Жиын қорытындысы бойынша жобаны одан әрі дамыту және жүйелі түрде жалғастыру бағытында нақты міндеттер айқындалды.
Шымкент қаласы Полиция департаменті бұл бағыттағы жұмыстарды алдағы уақытта да жалғастырады.
