• 24.08.2026 21:28

Шымкентте бокстан қаланың ашық чемпионаты өтуде

Автор:jsk.kz

Авг 24, 2026

 

Шымкент қаласында 2011–2012 жылы туған жасөспірімдер арасында бокстан қаланың ашық чемпионаты өтуде. 24-29 тамыз аралығына жоспарланған дүбірлі додаға 200-ге жуық жас боксшы қатысып, өзара мықтыны анықтайды.

Жарыс барысында қатысушылар әр салмақ дәрежесінде бақ сынап, техникалық және тактикалық дайындығын көрсетеді. Атап айтқанда, 15 салмақ дәрежесі бойынша (42,44,46,48,50,52,54,57,60,63,66,70,75,80,+80 кило) жеңімпаз және жүлдегерлер анықталады.

Ашық чемпионаттың негізгі мақсаты – жасөспірімдер арасында боксты кеңінен насихаттау, салауатты өмір салтын қалыптастыру, жас спортшылардың бәсекеге қабілеттілігін арттыру және үздіктерді анықтау.

Ашық чемпионат Дене шынықтыру-сауықтыру спорт кешенінде ұйымдастырылған.
Мұндай жарыстар жас спортшылардың тәжірибесін арттырып қана қоймай, Шымкент қаласының бокс мектебін танытуға және болашақ чемпиондарды тәрбиелеуге мүмкіндік береді.

Автор: jsk.kz