• Чт. Окт 15th, 2026

ШЫМКЕНТТЕ БАЛАЛАРҒА ӘЛЕУМЕТТІК ҚОЛДАУ КӨРСЕТУДІҢ ЖАҢА ТЕТІКТЕРІ ЕНГІЗІЛДІ

Автор:jsk.kz

Авг 11, 2026

Шымкентте білім алушылар мен тәрбиеленушілерге көрсетілетін қаржылық және материалдық көмекті тағайындау тәртібі жетілдірілді. Жаңа тәсілдің негізгі мақсаты – әлеуметтік қолдауды нақты көмекке мұқтаж балаларға бағыттап, өтініштерді қарау кезінде бірыңғай әрі автоматтандырылған тетікті қалыптастыру.

Шымкент қаласында балалардың құқықтарын қорғау, олардың жан-жақты дамуына жағдай жасау және әлеуметтік осал топтағы отбасыларға қолдау көрсету бағытында маңызды реформалар жүзеге асырылуда. Қалалық әкімдік пен жауапты басқармалардың бастамасымен балаларға көрсетілетін әлеуметтік көмек жүйесіне бірқатар жаңа тетіктер енгізілді.

Қолданыстағы заңнамаға сәйкес қаржылық және материалдық көмек әлеуметтік жағдайы белгілі бір талаптарға сай келетін балаларға беріледі. Олардың қатарында атаулы әлеуметтік көмек алатын отбасылардан шыққан балалар, табысы ең төмен күнкөріс деңгейінен төмен отбасылардың балалары, жетім және ата-анасының қамқорлығынсыз қалған балалар, төтенше жағдайлардан зардап шеккен отбасылардың балалары және заңнамада көзделген басқа да санаттар бар.

Жаңа тетіктердің басты ерекшелігі – көмек көрсету процесін барынша ашық, жылдам әрі қолжетімді ету. Әлеуметтік қолдау шаралары енді цифрлық форматқа көшіріліп, «Отбасының цифролық картасы» арқылы жүзеге асырылуда. Бұл жүйе көмекке шынымен мұқтаж отбасыларды автоматты түрде анықтап, проактивті форматта (өтінішсіз-ақ) тиісті қолдауды ұсынуға мүмкіндік береді.

Шымкент қаласында бұрын көмек алушылардың санын анықтау барысында, әсіресе екінші санатқа жататын отбасыларды айқындауда бірқатар қиындықтар болған. Ақпараттық жүйелердің толық интеграцияланбауы әлеуметтік мәртебені нақты анықтауға әсер еткен. Соның нәтижесінде көмек алушылар саны да айтарлықтай өскен. Мәселен, 2024 жылы қалада 46 825 білім алушы қаржылық және материалдық көмекпен қамтылса, 2025 жылы бұл көрсеткіш 57 047-ге жеткен. Ал 2026 жылға осы мақсатта 66 мың білім алушыға көмек көрсету қарастырылған.

Айта кетейік, биылдан бастап өтініш қабылдау процесі «QOSYMSHA» ақпараттық жүйесі арқылы жүргізіледі. Азаматтар өтінішті электронды түрде береді.

Жаңа механизмдерді енгізуде үкіметтік емес ұйымдар мен сарапшылардың ұсыныстары ескерілген. Бұл жүйе әлеуметтік көмектің мекенділігін қамтамасыз етіп, әрбір баланың сапалы білім алуына, денсаулығын нығайтуына және толыққанды дамуына кепілдік береді.

Шымкентте қолға алынған бұл оң өзгерістер – өсіп келе жатқан жас ұрпақтың жарқын болашағы мен отбасылардың әл-ауқатын арттыруға бағытталған жүйелі қадамдардың бірі.

Жаңа цифрлық тетік әлеуметтік көмекті тағайындау барысында адами факторды азайтып, деректердің нақтылығын арттыруға және қолдауды заңнамада белгіленген талаптарға сәйкес көрсетуге бағытталған.

 

Автор: jsk.kz