• 20 мая, 2024 6:14 дп

Шымкенттегі индустриалды аймақтар инвестиция тарта алады!

Автор:admin

Апр 8, 2023

Өткен ғасырдың тоқсаныншы жылдарындағы экономикалық тоқырау бүкіл посткеңестік кеңістіктегі сияқты Шымкент қаласының да өнеркәсіп саласын күйретіп кеткені белгілі. Бұрынғы одақтас республикалар арасындағы экономикалық байланыстар үзілген кезде қаладағы жүйеқұраушы кәсіпорындар жұмысын тоқтатты. Жас тәуелсіз мемлекеттің алдында өнеркәсіп саласын уақыт талабына сай қайта құрып, оны ішкі және халықаралық нарықта бәсекеге қабілетті өнім шығаратын, экономикалық тұрғыда тиімді салаға айналдыру міндеті тұрды. Осынау күрделі міндетті жүзеге асыруға кейінгі онжылдықта жүзеге асқан Үдемелі индустриалды-инновациялық даму бағдарламасы және сол бағдарламаның аясында ашылған индустриалды аймақтар зор септігін тигізді деп айта аламыз. «Оңтүстік» индустриалды аймағы – республикада алғашқылардың бірі болып ашылған аймақ. 2010 жылы бұрынғы фосфор зауытының аумағын тазартып, оған көлік және инжинерлік инфрақұрылым желілерін тартуға бюджеттен 6 миллиард 800 миллион теңге қаржы жұмсалған. Сөйтіп, 337 гектар аумақ жаңа өндіріс орындарын ашуға әзірленді. Мұндай индустриалды аймақтың артықшылығы кәсіпорын ашуды жоспарлаған инвестор тек жер телімін ғана тегін алып қоймайды, сонымен қатар ол өз кәсіпорнына электр қуаты, газ, су, жол мен темір жол тұйығын жеткізу мәселесіне де бас қатырмайды. Осындай инфрақұрылымының барлығы әзірленген жер телімін алып, сол жерге өз зауытын сала береді. Шымкенттегі алғашқы индустриалды аймақ көп ұзамай өзін-өзі ақтай бастады. Алғашқы 5 жылдың өзінде мұнда 35 кәсіпорын жұмысын бастаса, бүгінде бұл көрсеткіш 72-ге жетіп отыр. Индустриялды аймаққа жалпы 62 миллиард теңге инвестиция тартылған. Қазіргі таңда онда 4500 адам тұрақты жұмыспен қамтылған. Осылайша, «Оңтүстік» индустриалды аймағының территориясы сұранысқа ие тауарлар өндіретін бәсекеге қабілетті кәсіпорындармен толып отыр. Олардың арасында құрылыс материалдарын, өндірістік электр құралдарын, мотор майын және өзге де тауарлар өндіретін заманауи кәсіпорындар бар. Мәселен, машина жасау саласында трансформаторлар өндіретін «Asia Trafo» жауапкершілігі шектеулі серіктестігінің жаңа зауыты 2019 жылы іске қосылған. Зауытта Швейцария мен Германияның озық еуропалық заманауи технологиялық жабдықтары орнатылған. Өндірісті басқару жүйесі толығымен  автоматтандырылған. Компанияның өнімдері барлық еуропалық стандарттарға сәйкес келеді. Өндірілген өнімдердің 60 пайызы ішкі, ал, 40 пайызы сыртқы нарыққа шығарылады екен.

Jsk ақпарат

Автор: admin