• 22 февраля, 2024 4:59 дп

ТҮРКІСТАН: САРЫАҒАШТА «ҚАМҚОРЛЫҚ» ОҢАЛТУ ОРТАЛЫҒЫ АШЫЛДЫ

Автор:admin

Дек 1, 2023

Түркістан облысы, Сарыағаш ауданы, Қапланбек ауылында ерте мүгедектіктің алдын алу мақсатында «Қамқорлық» оңалту орталығының ашылу салтанаты өтті. Маңызды нысанның ашылу салтанатына Түркістан облысы әкімінің орынбасары Бейсен Тәжібаев, «Қазақстан халқына» қоғамдық қорының төрағасы Болат Жәмішев, Түркістан облысы денсаулық сақтау басқармасының басшысы Асхан Байдувалиев, Сарыағаш ауданы әкімі Арман Абдуллаев, сонымен қоса аудан тұрғындары мен белсенді азаматтар және ардагерлер қатысты.
– Еліміздің мүмкіндігі шектеулі балаларға арналған «Қамқорлық» бағдарламасы аясында бүгін Сарыағаш ауданында «Қамқорлық» орталығының ашылуы өтіп жатыр. Түркістан облысы бойынша балаларға 4 облыстық реабилитациялық орталық, 2-і «Қамқорлық» оңалту орталығы қызмет көрсетеді. Жалпы облыс бойынша 10 576 бала мүгедектік есепте тұр. Олардың 6 мыңға жуығы жүйке ауруларымен тіркелген. Биыл 13 252 бала оңалту емін алды. Сарыағаш ауданында осы оңалту орталығының ашылуы Сарыағаш, Жетісай, Мақтаарал, Қазығұрт және Абай аудандарының 3 мыңға жуық мүмкіндігі шектеулі балаларын оңалту шараларымен қамтиды. Оңалту орталығының ашылуы – маңызды қадам, ол мүмкіндігі шектеулі баланың әлеуметтік және ақыл, дене жағынан дамып жетілуін қалыптастырады, – деді облыс әкімінің орынбасары Бейсен Тәжібаев.
«Қазақстан халқына» қоғамдық қорының төрағасы Болат Жәмішев қор арқылы Түркістан облысында 18 қайырымдылық жобасы жүзеге асып жатқанын айтты. Түркістан өңірінің аса ауыр дертке шалдыққани 39 науқас тұрғынына 1,9 млрд. теңгеге қымбат дәрі-дәрмектер әперілген. Сонымен бірге қор арқылы облыстағы медициналық мекемелерге заманауи құрал-жабдықтар мен құрылғылар әперу ісі де қолға алынған.
Маңызды орталықтың ашылу салтанатына «Самұрық-Қазына» АҚ корпоративтік басқару, еңбекті қорғау және әлеуметтік-еңбек қатынастары жөніндегі басқарушы директоры Ғибрат Ауғанов, «Қамқорлық Қоры» корпоративті қорының директоры Арайлым Еркінова да қатысты. Қатысушылар ерте араласу бөлімшесі мен оңалту орталығын аралап көрді.
Өңірде Тұңғыш Президент – Елбасы қорының «Қамқорлық» бастамасы бойынша 2-кезеңдегі «Ерте араласу оңалту» орталығы 2020 жылдың желтоқсан айында ашылды. Оңалтуға 2 айдан бастап – 4 жас 11 ай 30 күн дейінгі балалар қабылданады. Биыл Түркістан облысы денсаулық сақтау басқармасының «Сарыағаш орталық аудандық ауруханасы» МКМ базасында «Қамқорлық» ерте араласу орталығын ашу жоспарланды. Облыс әкімдігі тарапынан орталыққа ғимарат бөліп, бірыңғай тұжырымдамаға сәйкес жөндеу жұмыстарын жүргізді. Жобаның серіктестері – «Қазақстан халқына» ҚҚ және «Samruk-Kazyna Trust» ҚҚ жалпы құны 124,6 млн. теңгеге жабдықты, жиһазды және тұрмыстық техниканы тарту етті.
Ерте араласу орталығы аудандық аурухананың базасында орналасқан. Жыл сайын нейро-ортопедиялық ауруы және олардың туындау қаупі бар 3 жасқа дейінгі 600 баланы қабылдайды. Балалар мұнда тегін оңалту көмегін алады. Сонымен қатар диагностикалық аудиологиялық тексеруден өтіп, миды да тексерте алады.
Мұнда әр бала 21 күн оңалтудан өтеді. Олар невролог, реабилитолог, неонатолог, физиотерапевт, емдік дене шынықтыру дәрігері, сонымен қатар логопед пен дефектологтың қарауында болады. Емдік жаттығу залы мен механотерапияға алынған құрал-жабдықтар орнатылып, іске қосылды.
Атап айтсақ, иппотерапия арналған S-rider Sky тренажер, нейро-ортопедиялық пневмокостюм «Атлант», «Мультистенедер Дженкс» тренажеры, жүруге арналған тренажер, аяқ-қолға арналған тренажеры, позициялық жүйе, Монтесори тренажерының дамытатын жиынтығы, жүруге арналған платформа, ойнату терапиясына арналған жиынтығы бар.
Орталықтың мақсаты – нейро-ортопедиялық бұзылыстары бар балалар мен жасөспірімдерге кешенді медициналық-әлеуметтік және психологиялық-педагогикалық көмек көрсету. 5 жасқа дейінгі балаларға ерте оңалту жұмыстары басталды. Жылдық жоспар бойынша тәулік бойы 340 науқас, күндізгі стационар бойынша 1420 науқас қабылдауға дайын. Жалпы жылына 1760 мүмкіндігі шектеулі балаға медициналық қызмет көрсету жоспарланып отыр.
Түркістан облысы әкімінің баспасөз қызметі

Автор: admin