🔰Түркістан өңірінде тұрғындардың өмір сапасын арттыруға бағытталған игі бастамалар жүйелі түрде жүзеге асып келеді. Сайрам ауданындағы Ақсу ауылында орналасқан Орталық саябақ жаңартылып, заманауи ойын-сауық алаңшасы пайдалануға берілді. Салтанатты шара 1 мамыр – Қазақстан халқының бірлігі күні мерекесіне орай ұйымдастырылып, тұрғындарға ерекше мерекелік көңіл күй сыйлады.
🔰Жаңартылған саябақ аумағында заманауи инфрақұрылым қамтылған. Атап айтқанда, орталық бөлігінде әсем субұрқақ орнатылып, оның айналасы көгалдандырылып, жасыл желекпен көмкерілген. Жаңа демалыс аймағында 20-ға жуық аттракцион орнатылып, балалар мен ересектерге арналған қауіпсіз әрі жайлы ойын-сауық мүмкіндіктері қарастырылған. Сонымен қатар келушілер үшін ыңғайлы фуд-корт аймақтары мен демалыс орындары жасақталған. Жоба инвесторлар есебінен жүзеге асырылып, оған шамамен 675 миллион теңге көлемінде қаржы тартылған.
🔰Мерекелік шара барысында облыс әкімі Нұралхан Көшеров жергілікті этнос өкілдері ұйымдастырған көрмені аралап, тұрғындарды айтулы мерекемен құттықтады. Өз сөзінде 1 мамыр – Қазақстан халқының бірлігі күні елдегі татулық пен келісімнің символы екенін атап өткен облыс басшысы Президент тапсырмалары аясында өңірде этносаралық келісімді нығайту бағытында жүйелі жұмыстар жүргізіліп жатқанын жеткізді.
🔰Бүгінде Сайрам ауданында 243 мыңнан астам халық өмір сүріп, олардың қатарында 39 этнос өкілдері бір шаңырақ астында тату-тәтті ғұмыр кешуде. Бұл – еліміздегі қоғамдық келісім мен бірліктің нақты көрінісі.
🔰Жаңа ойын-сауық паркі – Сайрам ауданының тұрғындары мен қонақтары үшін тартымды демалыс орнына айналып, өңірдің әлеуметтік инфрақұрылымын дамытуға өз үлесін қоспақ.
Бірлік пен ынтымақ мерекесі құтты болсын!
