• 13 октября, 2024 9:36 дп

ТҮРКІСТАН ОБЛЫСЫНДА СЫБАЙЛАС ЖЕМҚОРЛЫҚ ДЕРЕКТЕРІНІҢ АЛДЫН АЛУ  НӘТИЖЕСІНДЕ 221 МЛН ТЕҢГЕ ҮНЕМДЕЛДІ   

Автор:admin

Апр 29, 2020

 

Бүгін ҚР Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігінің Түркістан облысы бойынша Департаменті басшысының бірінші орынбасары Мирас Қарғабай сыбайлас жемқорлықтың алдын алу бағыты бойынша ағымдағы жылдың 1 тоқсанында атқарылған жұмыстардың қорытындысын баспасөз мәслихатында жариялады.

Қоғамда сыбайлас жемқорлыққа қарсы мәдениетті қалыптастыру бағытында облыс көлемінде жыл басынан бері 10 мыңнан аса адамды қамтыған 180 — ге жуық түрлі мақсатты топтар арасында іс — шаралар өтті. Негізінен, бұл шаралар Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігімен іске асырылған Жобалар шеңберінде өткізіліп келеді, — деп атап өтті Мирас Асқарбайұлы.

Брифинг барысында сыбайлас жемқорлықпен күресті күшейтуге және оның алдын алу тиімділігін арттыруға бағытталған тың бастамалар Департаменттің жанынан құрылған «Түркістан – адалдық алаңы»  жобалық кеңсесінің негізінде іске асып, қазіргі таңда киелі өңірде ашықтықты қамтамасыз ететін игі жобалардың қарқын алғандығы айтылды.

Бүгінгі күні Түркістан өңірінде білім беру жүйесі — сыбайлас жемқорлық деңгейінің ең жоғары салаларының бірі болғандықтан, білім беру ұйымдарында жемқорлық көріністеріне жол бермеу мақсатында 2 Жоғары оқу орны мен 62  колледжде «Саналы ұрпақ» Жобалық кеңсесі, облыста орналасқан барлық 903 мектепте 300 мыңнан аса мүшелері бар «Адал ұрпақ» ерікті мектеп клубтары, сондай-ақ Қ.А.Ясауи атындағы Халықаралық Қазақ-Түрік университетінде Парасаттылық орталығы мен колледждерде жалпы саны 60 Парасаттылық мектептері жұмыс жасап,  өскелең жас өскіндердің өне бойын адалдық пен әділдік құндылықтарына тәрбиелеуде.

Сондай-ақ, баспасөз жиынында жыл басынан бері өңір тұрғындарына қолайлы жағдай жасау мақсатында облысқа қарасты 3 мекеме «Open Space» үлгісінде, ал  облыс әкімдігі мен 2 аудандық және 1 ауылдық округ әкімдігі «Сервистік әкімдік» (Сервистік әкімдік – жергілікті атқарушы органдардың азаматтармен қолжетімді байланыс алаңы)  үлгісінде жұмыс атқарып жатқандығы жеткізілді.

Одан бөлек, автокөлік жолдарды төсеу мен жөндеу кезінде туындайтын сыбайлас жемқорлық деректеріне жол бермеу үшін «Сапалы жол — Адалдық алаңы» жобасымен 3 ай ішінде  2 ауданда зерделеу жұмыстарын жүргізу арқылы 11 кемшілік анықталса, «Адал жол» жобасы арқылы 7 рейдтік жұмыстар жүргізіліп, 2 билетсіз жолаушы мен 4 техникалық заң бұзушылықтар бойынша 11 әкімшілік хаттама толтырылған.

Баспасөз конференциясы барысында Түркістан облысы бойынша департаментімен  «Мемлекеттік сатып алудың бірыңғай терезесі» ақпараттық-талдау жүйесі арқылы сатып алу саласына жүргізілген мониторингтік жұмыстардың нәтижесінде,  2020 жылдың І тоқсанында жалпы соммасы 221 млн. теңгеден астам бюджет қаражаты үнемделгені атап өтілді.

Брифинг соңында М.Қарғабай елімізде жарияланған төтенше жағдай кезінде сыбайлас жемқорлықтың алдын алу саясатын іске асыру мақсатында Агенттіктің бастамасымен халықты онлайн түрде күнделікті хабардар ететін «Antikor.Live» жобасының іске қосылғандығын  және 20 наурыздан бүгінгі күнге дейін 37 спикер тікелей эфирге шығу арқылы өңір жұртшылығының тарапынан жолданған түйткілді сауалдарға жауап беріп жатқандығын жеткізді.

Автор: admin